МӘДЕНИЕТ

300 млн теңге бөлінді: Биыл Астана күні қалай тойланады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Биыл еліміздің бас қаласы – Астананың құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай Bugin.kz тілшісі қала күнінде еліміздің әр өңірінде қандай іс-шаралар өткізілетіні және оларға бюджеттен қанша қаражат бөлінгені жайлы ақпарат ұсынады.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру жиынында елорда күнін атап өтуге 300 млн теңге бөлінгенін айтты.

«Жалпы 100-ден астам іс-шара өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Оның бірқатары қала күніне дейін басталып та кетті. Қала күнін атап өтуге бюджеттен 300 млн теңге бөлінді. Қосымша қаржы демеушілер есебінен тартылады», - деді қала әкімі.

Былтыр Астана күнін атап өтуге 200 млн теңге жұмсалды. Ол кезде де елордада 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылған еді. Сол кезде қала әкімі болған Алтай Көлгінов қала күнін атап өтуге 2019 жылмен салыстырғанда 5 есе аз қаржы бөлінгенін айтқан.

«Концерт тегін ұйымдастырылды. Шығынды біз өтедік. Ақылы 2-3 концерт болды... Қалған іс-шаралар тегін ұйымдастырылды», - деген еді қала әкімі.

Расында демеушілер тартпаса, ауқымды концерттер ұйымдастыру, өтетін жерді жалға алу, оған қатысатын өнер жұлдыздарының жол шығыны, жатын орны, ұйымдастырылып жатқан көптеген байқаулардың жүлде қоры, қазылар алқасының, ұйымдастырушылардың еңбекақысын төлеуге қомақты қаржы керек екені белгілі. Астана күніне орай ұйымдастырылған бір ғана «Қазақстан барысы» байқауының бюджеті – 1,075 млрд теңге.

Биыл Астанада 5-6 шілде күндері ЭКСПО алаңында балалар мен ересектерге арналған «Гүл Астана» эко-фестивалі болады. Сондай-ақ осы жерде «Гүл шаһары – Астана» суретшілер плэнері де өтіп жатыр. Қала маңайындағы тұрғындар мен қонақтарға «Думанды Астана» концерттері ұйымдастырылады. ЭКСПО алаңында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен OPEN AIR концерті өтеді. Оған өнер жұлдыздарынан Маржан Арапбаева, Аука, Дос, Akha, Мирас Жүгінісов, Қазбек Құрайыш, Еркеш Хасен, Qanay, Raim және тағы басқалары қатысады.

6 шілдеде Астана қалалық «Толағай» алыптар сайысы елоданың 25 жылдығына орай ашық турнир ұйымдастырады. Ұлы Дала батырларын насихаттап, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өтетін турнирге 18 жастан асқан қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 2 миллион теңге.

7 шілде «KITAP FEST» республикалық кітап көрмесі ұйымдастырылады. Қонақтар кітап алмасып, мастер-класс, акция, байқауларға қатысып, жазушылармен кездеседі. Кітап мерекесіне Үнзила Мыңбай, Ұларбек Нұрғалым, Мирас Асан, Перизат Мырзахмет және басқа жазушылар қатысады.

Астана күні еліміздің ортақ мерекесі болғандықтан, елорда тұрғындарынан бөлек еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар өтеді.

Алматыдағы Абай алаңында 6 шілде күні Астананың 25 жылдығына арналған мерекелік концерт болады. Онда сахнада Луина, Ziruza, Akim, Kyle Ruh, Bonapart, C.C.Tay, Malika Yes, Aya Funk, Rin'Go, «Жігіттер», «Бақай» тобы өнер көрсетеді. Елорда күнін тойлау аясында қалада флешмобтар, дөңгелек үстелдер, көрмелер, дәрістер, экспозициялар мен поэзия кештері ұйымдастырылады. Бұған қоса, мерекелік іс-шара қаланың барлық ауданында өтеді.

Тараз қаласында 6 шілде «Жасай бер, жаса, Астанам» фестивалі, Қарағандыда «Астана бояулары» асфальттағы флеш-суреттер байқауы, Атырауда «Астана – арман қала» атты апталық кітап көрмесі, ал Ақтөбе қаласында елорда күніне орай 42 іс-шара жоспарланған.

Айтпақшы, Астана әкімдігінің баспасөз қызметі биыл Астана күнінде жылдағыдай отшашу болмайтынын хабарлады. Ал Астана күніне орай қазақстандықтар 6, 7, 8 және 9 шілдеде демалады.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ