Bugin
Алматы қаласының санитарлық дәрігерлері көшеде сатылып жатқан қауын-қарбыздың құрамында нитрат көрсеткіші жоғары екенін анықтады.
Адам ағзасына түскен нитраттар тотығу үдерісінің нәтижесінде нитриттерге, яғни уға айналады. Нитриттердің нитраттардан айырмашылығы, олар қан эритроциттеріне кері әсер етеді.
Бұл, әсіресе, балаларға, егде жастағылар мен жүкті әйелдерге өте қауіпті. Сондай-ақ нитраттар аллергияға себеп болып, қалқанша безі, зат алмасу және орталық жүйке жүйелерін зақымдайды. Ал оның шектен тыс мөлшері улануға, кей жағдайда адам өліміне де әкеліп соқтырады.
Алматы қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гауһар Қаткенованың айтуынша, зертхана мамандары экспресс әдіспен тамақ өнімдерін зерттеу барысында 570 өсімдік шаруашылығы өнімінің сынамасын іріктеп алып, оның ішінде 6 сынамада нитраттың асып кеткенін анықтаған.
Сонымен қатар ол бақша дақылдарын сату кезінде бұзушылықтар анықталып, олардың сапасына күмән туындаған жағдайда, Алматы қаласының аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жүгінуге болатынын айтты.
"Қазіргі уақытта бақша дақылдарын жыл бойы сату ешкімді таңғалдырмайды. Алайда мамыр-маусым айларында қарбыз мен қауынның сөрелерде пайда болуы сіздің көңіліңізді елең еткізуі керек. Осы уақытта сатып алуға асықпаңыз. Жылыжай жидектерін өсіру кезінде минералды тыңайтқыштар көбірек қолданылады. Бұл жидектерде нитраттардың шамадан тыс жиналуына және нитраттармен улануға әкелуі мүмкін. Қауындардағы нитраттардың рұқсат етілген деңгейі – 60 мг/кг. Қауіптілік – пісу процесін жеделдету үшін ерте жемістер азот тыңайтқыштарының көп мөлшерін қолдана отырып пленка астында өсіріледі. Мұндай жағдайда қарбыз бен қауын тез өседі және бірнеше айдан кейін әсерлі мөлшерге жетеді. Бірақ қысқа уақыт ішінде тәтті жидектердің тыңайтқыштарда жинақталған нитраттардан арылуына уақыт жоқ және олардағы нитраттардың концентрациясы қауіпсіз нормадан бірнеше есе асып кетуі мүмкін", - деп түсіндірді маман.
Улануды тудыруы мүмкін тағы бір фактор – бақша дақылдарының дұрыс сақталмауы. Қарбыз бен қауын бірнеше апта бойы тікелей күн сәулесінде болған кезде, олардағы нитраттардың аз мөлшері де глюкозамен белсенді әрекеттеседі. Нәтижесінде, ішек инфекциясынан бастап дизентерияға дейін жұқтыру ықтималдығы пайда болады.
"Бір жасқа дейінгі балалар мен емізетін аналар үшін нитраты жоғары қауындар қауіпті. Өйткені балаларда иммундық жүйе әлі нашар қалыптасқан, ішек шырышты қабаты өте осал, ал ана сүті нитраттарға айтарлықтай кедергі келтірмейді", - дейді спикер.