БІЛІМ
Адам өмірде мамандық пен жар таңдаудан қателеспеу керек дегенді жиі естиміз. Өте орынды ой. Себебі бүгінде жоғары оқу орнына түсіп алып, 1-2 жылдан соң өз таңдауына өкінетіндер жастар аз емес. Bugin.kz тілшісі таңдауын дұрыс жасаған студенттердің пікірін білді.
Қазіргі кезде сұранысқа ие мамандықтың бірі - қоғаммен байланыс саласы. Жалпақ тілде «пиар» деп те атайды. 2018 жылы ҚазҰУ студенті атанған Нұржан Кеңесбай бұл салада жұмыс көп дейді.
«Біз журналистика факультетінің «Қоғаммен байланыс» бөлімінде білім алдық. Иә, ҰБТ-дан алған балл жетіспеген соң таңдау осы мамандыққа түсті. Төрт жыл біліп алып, қазір екі жобада жұмыс істеп жатырмын. Табысым да орташа жалақыдан асады. Оның үстіне мүмкіндіктер жетіп артылады.
Менің қатарластарым әртүрлі салада қызмет атқарып жүр. Оның ішінде: СММ, таргетолог және журналист болып жүргендері де бар. Университетті бітіргеніме бір жыл болды, бірақ таңдауыма еш өкінген емеспін», - дейді Нұржан.
Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша біліп алып жатқан Дәулет Аятұлы спортты бала күнінен серік еткен.
«Мектеп оқып жүргенде кезімде қазақша күреске қатыстым. 10-11-сыныпта көкпармен айналыстым. Ал ҰБТ-ға келер болсақ, ойлана келе, дене шынықтыру мамандығын таңдадым. Болашақ түлектерге кеңес: 9-10-сыныптан бастап нақты шешімге келіңіздер. Өзің қай салаға икемің бар, соған қарай ұмтылған жөн. Әрине, мен өз практикам бойынша айтып жатырмын», - деді Дәулет.
Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдың «Баланың қабілеті қай нәрсеге бейім болса, сол тұсын дамыту керек» деп айтқаны бар. Сол секілді мамандық таңдайтын түлектер де осы мысалды керегін жаратса болады.