Bugin

Атырауда балалар үйінің тәрбиеленушісі мекемеде әділдік орнауын сұрады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Атырауда “Шаңырақ” отбасы үлгісіндегі балалар үйінде Нұрдәулет есімді бала көзіне жас алып, қиындықтары туралы айтып жатқан видеосы тарады. Мұнда ол тәртіптің жоғын айтып, әділдік орнауын сұраған. Кейіннен ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева бұл мекемеге арнайы барды.

Тәрбиеленуші Нұрдаулет бұл мекемеде өзіне қарсы көптеген келеңсіздік болғанын айтады. Мұнда оған “сенен ештеңе шықпайды”, деп көңілін түсіретін көрінеді. Тіпті “анаң жезөкше” деп те талай жаман сөздер айтқан екен. Жасөспірім мекемеде әлімжеттіктің бар екенін айтып, әділеттілік орнауын талап етті.

Осы жайттан кейін балалар үйі директорының міндетін атқарушы Тамара Есентұрова Нұрдәулеттің қайда және қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көрсететін видео түсіріп жариялады. 

Осы жайттан соң ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева Атырауға болған оқиғаның анық-қанығы туралы білуі үшін арнайы барды. Бүгін Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев жазба жариялап, аталмыш оқиғадан кейін қандай шара қолданылатынын айтты.

"Динара Зәкиевамен бірге "Шаңырақ" отбасы үлгісіндегі балалар ауылында болдым. Сіздерге бір жаңалықты  айтқым келіп тұр. Балалар үйіндегі соңғы оқиғаларды ескере отырып, бейнебақылау жүйесі күшейтіліп, камералар тікелей білім бөліміне қосылады. Қазіргі таңда "Шаңырақ" отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры лауазымына конкурс жарияланды. Осы байқауға қатысуға педагогика саласында тәжірибесі мол, білімі мол мамандарды шақырамын. "Шаңырақтың" өз баспасөз қызметі болатынын да атап өткім келеді. Балалар үйінде орын алған жағдайлар бұрын осы ұжымда жұмыс істеген қызметкер мен бұрынғы басшының арасындағы келіспеушіліктен туындаған. Соның салдарынан балалар зардап шегіп жатыр деп есептеймін", - деді Жасұлан Бисембиев.