Bugin

4 жасар ұлын өлтіріп, көміп тастаған: Оқиға қалай болды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақтөбеде төрт жасар баласын өз қолымен өлтірді деп күдікке ілінген әке сот алдында жауап берді. 10 шілдеде прокурор былтыр желтоқсан айында болған жантүршігерлік қанды оқиғаның жай-жапсарын баяндады. Бұл туралы КТК телеарнасы мәлімдеді.

Телеарна хабарлауынша, 41 жастағы Артур Ахунов ұлын үйінде ұрып өлтіріп, мәйітті көму үшін арнайы техника мен жұмысшы жалдаған. 

Мерт болған бала - үшемнің бірі. Анасын құқығынан айырған соң мемлекеттік орган балаларды әкесіне берген екен.

"Суық өтіп, сырқаттанып қалған бала мазасызданып жылай берген. Сосын бауыры мен әпкесіне барғысы келетінін айтқан. Оны көтере алмаған әкесі агрессия көрсетіп, Данилге дауыс көтереді. Сосын қатты затпен басынан, бетінен және қарын тұсынан ұрады. Ауыр соққыдан жерге құлап түскен бала есін жоғалтып, оқиға орнында көз жұмған", - дейді мемлекеттік айыптаушы Саламат Амандықов. 

Данилдің екі сыңары қылмыс күні әжесінің үйінде жүріпті.

Айта кетсек, алдымен қатыгез әке балам жоғалды деп полицияға арыз жазады. Тіпті, еріктілермен бірге іздеу жұмыстарына да қатысады. Бірнеше күннен кейін тәртіп сақшылары төрт жасар бүлдіршіннің мәйітін тапқан.    

"Данил Ахуновтың денесін екіқабатты үйден 100 метр қашықтықта көміп тастаған. Жерді екі метр тереңдікте қазған. Ол үшін эксковатор мен жұмысшыны 20 мың теңгеге жалдаған. Оларға құрылыс материалдарын қоқысқа тастау керек деп айтқан. Қылмысын жасыру мақсатында осындай қадамға барды. Балам жоғалды деп бес күннен кейін хабарлаған", - дейді мемлекеттік айыптаушы Саламат Амандықов. 

Ахуновқа "Жас баланы өлтіру" бабы бойынша айып тағылып отыр. Оған 20 жылға дейін немесе өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ айыпталушының өзі тергеуге көңілі толмайтынын айтып, кінәсін мойындаған жоқ.  

"Тергеуші бірқатар заңбұзушылықтарға барып отыр. Мен тағылған айыппен келіспеймін. Ол маған келемін деп өтірік айтты. Осы уақытқа дейін келген жоқ. Мен сот болатынын бүгін ғана білдім. Бұл қалай сонда?!" - деді айыпталушы Артур Ахунов. 

Прокурордың айтуынша, Ахунов қылмысқа дейін де талай рет үшемді ұрып-соққан. Жиі таяқ жейтінін балалардың өзі тәрбиешілерге талай мәрте айтыпты. Бұл жағдайдан инспекторлар да хабардар болған көрінеді. Бірақ не үшін дер кезінде шара қолданылмағаны белгісіз. Ал қалалық білім бөлімінің мамандары сотқа жәбірленуші тарап ретінде қатысқан.