Саясат
Жақсы бастама
Елорда әкімдігі мен «Отандастар» қоры өзара ынтымақтасты дамыту туралы меморандумға қол қойды.
Екі жақты ынтымақтастық келісімінің мақсаты - елордаға көшіп келген этникалық қандастарымызға қолдау көрсету. Сондай-ақ, елге оралған және шетелдегі отандастарымызға мәдени, білім беру және құқықтық салалары бойынша көмек қол ұшын созу.
«Елбасының тапсырмасымен «Отандастар қоры» құрылып, Өзіңіздің басшылығыңызбен ауқымды әрі маңызды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, алыс және жақын шетелдерден қоныс аударған отандастарымызға құқықтық, ақпараттық, рухани, психологиялық, тілдік көмектер көрсету шаралары қабылданып отыр. Бұл ретте, жерлестеріміздің жаңа ортаға кірігіп, қоғамдық өмірге еркін араласуына мүмкіндік жасау маңызды саналады. Өздеріңізге мәлім, 2019 жыл - Жастар жылы деп жарияланды. Оның аясында біз «Отандастар» қорын астанада қоғамдық-мәдени шараларды бірлесіп өткізуге шақырамыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов. Сонымен қатар, елорда басшысы өз сөзінде, әкімдік мен «Отандастар» қоры арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында нәтижелі жұмыстар атқарылатынына сенім білдірді.
«Осы келісім арқылы бас қаламыздың әкімдігімен бірқатар тынымды істерді жүзеге асырамыз деген ойдамыз, одан бөлек, бірлесіп жүзеге асыратын бірқатар шараларды да жоспарлап отырмыз. Оның ішінде білім, спорт, мәдениет, ана тілін үйрету, бизнес-бастамалар және тағы басқа. Жалпы әкімдік Нұр-Сұлтан қаласына келіп қоныстанған отандастарымыздың елге бейімделуіне жағдай жасауға қашанда ниетті екендіктерін жеткізіп отыр», - деді «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев. Оның айтуынша, тарихи Отанына оралған қандас бауырларымыздың елге бейімделуі барысында оларға ақпараттық, ұйымдастырушылық, құқықтық және консультациялық қолдау көрсетудің маңызы зор.