Bugin
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қаладағы жағдайды жақсарту үшін бір жыл уақыт берді.
Елорданы дамытуға арналған жиында президент Астананың еліміздің бас қаласы мәртебесіне толық сәйкес келуі керек екенін алға тартты.
"Бүгін жарияланған тапсырмалар уақытылы және сапалы орындалуы тиіс. Астананың көркеюі жалпы еліміздің ілгерілеуіне әкеледі", – деді ол.
Мемлекет басшысы Астана Әділ Қазақстанды құруға бағытталған түбегейлі өзгерістердің флагманы болуға тиіс екенін атап өтіп, енді қала үшін жүргізілетін жұмыстарды тікелей бақылауына алатынын жеткізді.
"Сонымен қатар қаланың тыныс-тіршілігінен үнемі хабардар болу маңызды. Қаланың жағдайын жақсарту үшін әкімге бір жыл уақыт беремін. Сіздің жұмысыңыз менің жеке бақылауымда болады. Сізге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Дегенмен, жұмыстың нәтижесі тек өзіңізге байланысты. Сәттілік тілеймін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.