БІЛІМ

“Магистратура грантының құны - 380 мың теңге”: Биыл қай мамандыққа грант көп бөлінді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Маусымның 1-і күні магистратураға түскісі келетіндер кешенді тестілеуден өту үшін өтініш беруді бастады. Тіркелу 2023 жылдың 15 шілдесіне дейін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізіледі. Үміткер тестілеудің қашан өтетіні туралы ақпаратты 18 шілдеде жеке кабинетінен көреді. Кешенді тестілеудің өзі 20 шілде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады. 

Кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіліп, үш блоктан тұрады: 

  • шет тілі бойынша тест;

  • оқуға дайындығын анықтауға арналған тест;

  • білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. 

Бұған 3 сағат 55 минут беріледі. 

Шет тілі бойынша түсу емтиханы 3 бөлімнен, 100 тапсырмадан тұрады. Тестілеу уақыты – 125 минут. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттардың бірі бар оқуға түсушілер бұл тестті тапсырудан босатылады.

Биыл ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, ал бейінді магистратураға түсу үшін 50 балл жинау қажет. Кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген оқуға түсушілер тестілеу аяқталғаннан кейін бірден апелляцияға өтініш бере алады.

Биыл магистратураға жалпы 13 мыңнан астам грант бөлінген. Оның ішінде педагогикалық ғылымдар – 3217, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 590, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 480, бизнес, басқару және құқық – 785, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 1273, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 1225, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 3354, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету – 325, ауылшаруашылығы және биоресурстар – 520, ветеринария – 230, қызмет көрсету – 300. 

Сонымен қатар, "МИФИ" Ұлттық ядролық зерттеу университетінің қазақстандық филиалына – 30, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалына – 40, "Назарбаев Университеті" ДБҰ, оның ішінде шетелдік азаматтарды оқытуға – 659, шетел азаматтарына, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларына арналған стипендиялық бағдарламаға – 50 грант бөлінген. 

Толық тізімді мына жерден көре аласыздар. 

Кешенді тестілеуге қатысу құны – 8292 теңге. Төлемді онлайн тіркелу кезінде "Каспи" қосымшасы арқылы немесе банк картасымен жасауға болады. Тек 30 минут ішінде төлеп үлгеру қажет. Сонымен қатар үміткер өзінің білімін тексеріп, сынақ тест тапсыруына болады. Ол үшін - Ұлттық тестілеу орталығының сайтына тіркеліп, 800 теңге төлесеңіз болғаны. 

Қазіргі уақытта магистратурадағы білімнің сапасына қатысты көп сын айтылып жүр. Елдегі жоғары оқу орындарының көбі әлі зерттеу форматына көшпеген. Оның себептерінің бірін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтып берді. Министрдің сөзінше, елімізде магистратура грантының құны төмен, сол себепті ректорлардың магистрлерді даярлауға мотивациясы жоқ. 

"Неге десеңіз, магистр грантының құны – 380 мың теңге. Ал бакалавриат грантының құны – 1 млн теңгеге жуық. Сонда ректор былай ойлайды: мен қазір бакалаврды қабылдасам, ол маған төрт жылда 4 млн теңге әкеледі. Ал магистрді қабылдасам, ол екі жылда маған бір миллион әкелмейді. Сондықтан біз осы жылдан бастап магистратура, докторантура гранттарының құнын өсіреміз", - деді Нұрбек үкімет кулуарында.

Баға көтеріліп, сапа да артады деп үміттенеміз. Ал магистр дәрежесін алғысы келгендерге тек сәттілік тілейміз!