Bugin

"Түксіз қалдым": Жамбыл облысында тұрғындардың бір үйір жылқысына найзағай түсті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Нұрболат Мырзақұлов 20 жылдан бері бау-бақша және мал шаруашылығымен айналысады. Ол екі жыл бұрын үш жарым миллион теңгеге жеңілдетілген несие алып, жылқы сатып алған. Бірақ бірнеше күн бұрын малдары найзағайдан қырылды.

"Үйімді және басқа ауылдағы фазендамды кепілге қойып, несие алдым. Сол несиеге жылқылар сатып алып едім. Әрине, осылай түісіз қаламын деп ойламадым. Келтірілген шығын – 5 млн теңге. Енді қалай күн көремін? Ауылдағы үйімді тартып алса, мен отбасыммен қайда тұрамын", – дейді ауыл тұрғыны.

Тағы жеті отбасы дәл осындай жағдайға тап болды. Ауыл тұрғындарының жалғыз табыс көзі мал болған.

"Мал шаруашылығымен айналысып, соның есебінен күн көріп отырмыз. Басқа ештеңеміз жоқ. Мысалы, мал бруцеллезбен ауырса, өтемақы төленетінін білеміз. Әрине, найзағайдан мал өлгені үшін де осындай көмек алғымыз келеді. Біз үшін қаржылай қолдау өте маңызды", – дейді Тереңөзек ауылының тұрғыны Жандархан Мамытбеков.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, төтенше жағдай ресми жарияланған жағдайда және мал жаппай ауруға шалдыққан жағдайда мемлекет тарапынан өтемақы төленеді.

"Осы факті бойынша аудан әкімінің тапсырмасымен комиссия құрылды. Оның құрамына құзырлы органдар мен заңгерлер кіреді. Олар барлық жағдайды анықтайды. Бұл іс аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында", – деп сендірді Тұрар Рысқұлов атындағы аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев.

Аурудың таралу қаупін болдырмау үшін өлген жылқылардың өлекселері тау шатқалына көміледі.