Bugin
Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада науқастардың ВИЧ инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелді.
Алайда індеттің қайдан пайда болғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Астанадан арнайы жіберілген комиссия өз жұмысын жақын күндері аяқтайтынын мәлімдеді.
Ведомство басшысы айықпас індетке шалдыққан науқастармен кездесу және олардың жағдайы туралы ақпарат тек өздерінің келісімімен ғана жарияланатынын жеткізді.
"ВИЧ инфекциясын жұқтырған барлық науқас заңмен қорғалған. Дәрігерлік құпияны сақтау деген бар. Науқастардың дені осы дертке шалдыққанын айтқысы келмейді. Ал, кездесуді тек олардың келісімімен ғана өткізуге болады. Комиссия келесі аптада жұмысын аяқтайды. Содан кейін олар ақпаратты дайындап, әкімдік пен Денсаулық сақтау министрлігіне ресми түрде жолдайды", - дейді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.