Bugin

"Қызыңыз жол апатына түсті": Зейнет жасындағы тұрғындарды алдап жүрген алаяқ ұсталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қостанайда "CyberPol" қызметкерлері тұрғындарды 20 млн теңгеге сан соқтырған алаяқты анықтады.

Қостанай облысының полициясына Қостанай қаласының 6 тұрғынынан «Сіздің қызыңыз жол апатына түсті» деген дәстүрлі схеманы пайдаланып, оларды алаяқтар алдағаны туралы арыз түсті. Залал сомасы 20 млн теңгеден асқан. Барлық өтініштер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеуге «Cyberpol» бөлімшесі мен Қостанай қаласы полиция басқармасының қызметкерлері кіріскен.

"Жедел-тергеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде облыс орталығының 6 тұрғыны зардап шеккені анықталды. Олардың барлығы зейнеттегі және зейнет жасына жақындаған үлкен кісілер. Оларға үй телефонына қоңыраулар шалған белгісіз адамдар туыстарының апатқа ұшырағанын хабарлаған. Алаяқтар қолда бар ақшаны беруді сұраған, – деді «CyberPol» бөлімшесінің қызметкері Олжас Магыпаров.

Сонымен бірге, жәбірленушілер өздерінің үйіне келіп отырған қызға ақша берген. Оның сыртқы келбеті туралы сипаттамалар әр түрлі болды. Күдікті жасанды шаш ауыстырып отырған. Оның үстіне қара көзілдірікті және әр түрлі бас киімдерді қолданған.

"Алаяқ Қостанай қаласындағы қонақ үйлердің бірінде люкс нөмірінде ұсталды. Одан 800 мың теңге сомасында ақша алынды. Ол қалған қаражатты қымбат телефон, заттар мен ойын-сауық құралдарын сатып алуға жұмсаған", – дейді Олжас Мағыпаров.

Қазіргі уақытта күдікті ҚР ҚІЖК-нің 128-бабы тәртібімен қамалды. Қостанай облысының полиция департаменті тағы да азаматтарды абай болуға шақырады.

Алаяқтар жаңа схемаларды ойлап тауып қана қоймай, бұрыннан келе жатқан сценарийлерді де қолданады. Бұл ретте полицейлер заңсыз әрекеттер немесе әрекетсіздігі үшін біреуге ақша беру қылмыстық жазаланатын іс-әрекет екенін еске салады.

Полиция азаматтарды мұқият болуға, алаяқтардың қулығына түспеуге шақырады. Ақпаратты тексеру, жақын адамыңызға қоңырау шалып және мұндай фактілер туралы полицияға хабарлау қажет.