Bugin
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында жоғалып кетіп, кейін өлі табылған бес жасар қыздың денесінде зорлық-зомбылық іздері қалған. Бұл туралы Bugin.kz порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Анасының сөзінше, кішкентай қызы 13 шілдеде түсте үйінен шығып, артынша жоғалып кеткен.
“Сағат 13:04 кезінде үйден шықты. Шамамен 6 минуттан соң таба алмай қалдым. Төңіректі түгел шолып, ауыл араладық. Ауыл адамдарды жабылып іздеуге кірістік”, – дейді ол.
Сәбидің әкесі бұрын сотталған көршісінен күдіктеніп, оның үйіне екі рет барғанымен, қызын таба алмаған. Бір топ адам көршісінің үйіне үшінші рет барғанда қыздың көйлегін көріп қалып, үйді толық тінтіген.
“Қызымның денесін кешкі сағат тоғыз шамасында шатырдан таптық. Сау-тамтығы қалмаған. Ойына келгенін істеп, жеті-сегіз жерінен пышақтап, асқан жауыздықпен өлтірген”, – деді баланың әкесі.
Өлген сәбидің ата-анасы қазір күдікке ілініп отырған көршісімен араздығы болмағанын, аралас-құраластығы да жоғын айтты.
“Бұрын сотталғанын, кейін тағы бір ауыр қылмыстық істен құтылып кеткенін білетінбіз... Құқық қорғау органдары қылмыскерді лайықты жазаласа осындай сұмдық болар ма еді? Оны бостандыққа шығарып жіберген қызметкерлерді тауып, жазалауды талап етемін!” – дейді қайғыдан қан жұтып отырған әке.
Сәбидің әке-шешесінің айтуынша, ауыл адамдары кісі қолынан өлген қызды тапқанда полиция да келіп, оны Сарыағаш ауданымен іргелес Келес ауданының мәйітханасына әкеткен.
Күдіктіні де қамауға алған. Алайда күдіктіні әкетіп бара жатқанда полиция мен ауыл тұрғындары арасында қақтығыс болған. Ашу-ызаға берілген жұрт күдіктіні өздеріне беруді талап етіп, наразылық білдірген.
Қазір Жібек жолы ауылының кіреберісін, мерт болған бес жасар қыздың үйін және күдіктінің үйін полиция күзетіп тұр. Бес жасар сәби бүгін, 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 14-те жерленеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды бұрын сотталған ер адам өлтіргені туралы жазған едік.