ТӘРБИЕ
Қазақта "ағайын тату болса - ат көп, абысын тату болса - ас көп" деген жақсы сөз бар. Туысқанмен қарым-қатынас біздің дәстүрде әрдайым биік тұрған. Bugin.kz порталы Қайрат Жолдыбайұлының "Кемел адам" кітабынан осы тақырыпқа байланысты үзінді ұсынады.
"Біз бала күнімізде үлкендерден осынау жақсы әдетті, ғибратты көріп өстік. Қуанышты бөлісудің нәтижесінде әр ағайын жақсы эмоциядан қуат алса, қиыншылықта бір-біріне медеу болудың арқасында жабырқау көңіл, тарыққан жан болмайтын.
Бірде шетелдік танысым былай деген еді: "Қазақтардың ерекшелігі – олар қазіргі сәтпен өмір сүреді екен. Ертеңіне алаңдамағандықтан, стреске көп түспейтін сияқты. Ал біздегі психология барлық нәрсенің тізгінін өз бақылауында ұстағысы келгендіктен, болашаққа көп алаңдаймыз. Тәуекеліміз тым аз".
Мен ойлана келе мынадай тұжырымға тоқтадым. Бізде туықандық қарым-қатынас мықты. Қиын жағдайда қорғап-қолдайтын ағайын-туысқа бейсаналы түрде сенім артқандықтан, өзімізді қауіпсіз сезінеміз. Қазақтың бұл әдеті бүгін ғана пайда болған жоқ.
Қысқасы, ағайын дегеніміз – тәңірдің бұйрығы. Оны сен таңдай алмайсың, тағдыр жолықтырады. Демек, ағайын – сенің сынағың. Жаман болса, төзесің, жақсы болса, озасың. Сондықтан Алла тағала ағайынға қарайласуды, көмектесуді, оны жақсылыққа шақыруды өз құлдарына текке міндет еткен жоқ», - деп жазған автор.