Bugin

"Басына пакет кигізіп, 12 рет пышақ сұққан". Түркістанда қаза тапқан қыз туралы тың дерек шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Түркістан облысында кісі қолынан қаза тапқан 5 жасар қыздың өлімі туралы тың деректер шықты.

13 шілдеден 14-сіне қараған түні Түркістан облысынан суық хабар келді. Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылының тұрғындары ауылдасының бес жасар қызын аяусыз өлтірген күдіктіні сол бойда жазалауды сұрап, көшеге шыққан. 

"Әкесі қазір ғана есін жиып, өзіне келді. Төсекте жатыр. Тұра алмайтын хәлде. Анасы қайта-қайта есінен талып, ауырып жатыр. Ауылда "химияға" "жатып" алған адам көп. Бұл да сондайлардың бірі. Үйі "притон" болып кеткен. Өңкей нашақорлар жиналады. Ол 10 жыл түрмеге отырып шыққан. Әке-шешесі мен туысқандары Өзбекстанға көшіп кеткен. Ауылда жалғыз өзі тұрады. Мұндай "хайуанмен" кім бірге тұрғысы келеді?" - дейді қыздың туысқан ағасы. 

Тағы бір ер кісі түнде әкесімен бірге жүріп, қызды іздегенін айтты.

"Бір емес, тоғыз жерінен пышақтап тастаған. Түнде Сарыағаштың мәйітханасына барғанымызда денесін көрсетпеді. Абайға жіберді деп алдады. Аудан әкімі келген соң ғана полиция қызметкерлері әкесіне қызының денесін көрсетті. Сағат 12-1 шамасында ойнауға шығып кеткен. Өзінен бір-екі жас үлкен ағаларымен ойнап жүрген екен. Әкесі күн ыстықта не істейсің деп үйге тастап кеткен. Ойнауға шығамын деп, артынан іздеп шыққанда анау үйіне тартып кеткен ғой. Басына пакет кигізіп, тоғыз не он екі рет пышақ сұққан. Бетінен шапалақпен ұрған. Айқайламасын деген болу керек. Үсті-басының бәрі көк ала. Ойына келгенін істеген соң, өлтіріп, денесін қораның төбесіне лақтырған. Әкесі бір іздеп келгенде таппаған. Кейін көңілі тарта берген соң, қайта келіп қан болып жатқан қыздың жейдесін тауып алған соң, туыстары осы үйге жиналған. Қыздың денесін қораның төбесін тапқан", - деді ол. 

Бұл кезде күдікті мас күйінде үйінде жатқан. Оның үстіне, туыстары қыздың денесін төбеге шығаруға жалғыз өзінің шамасы жетпейтін еді дейді. Сол себепті туыстары қызды күдіктің жалғыз өзі өлтірмеуі мүмкін екенін, оның үйінде тұрақты түрде бөтелкелестері жиналып тұратынын айтады.

"Ол он жыл сотталып шыққан. Осыдан 3-4 ай бұрын біреуді соққының астына алып, басын жарып тастаған еді. Алайда соттылығы бар ол босап шықты. 200 мың теңге беріп шешті дейді. Демек бұл жерде шикілік бар. Егер полицейлер сол кезде оны жібермегенде, мұндай жағдай болмас еді", - деді туыстарының бірі. 

Қолда бар ақпаратқа сенсек, осы жылы оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі өкілдері күдікті 48 жастағы рецидивист екінін хабарлады. Ол бұрын адам өлтіргені үшін сотталып, 10 жыл түрмеде отырған.

"Кәмелетке толмаған қызды өлтіру" дерегі "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.