БІЛІМ

Елімізде қандай грант бағдарламалары бар?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Биыл ҰБТ жаңа форматта өтіп жатыр. Ұлттық тестілеу орталығы осы жылы ҰБТ жылына бес рет болатынын мәлімдеген. Түлектер қаңтар, наурыз, тамыз айларында ақылы оқуға түсу үшін тест тапсырса, мамырдан маусымға дейін грантқа түсу үшін бақ сынап көреді. Bugin.kz тілшісі осы жылы қандай гранттар бөлінгенін, төмен ұпаймен қалай оқуға түсуге болатынын айтады.

Түлектер 5 пән, яғни 3 міндетті, 2 бейіндік пән бойынша 120 тапсырмаға жауап береді. Ең жоғары балл – 140. Жоғары балл бәріне бұйыра бермейтіні белгілі. Біреулер дайындығының аздығынан, біреулер психологиялық себептермен, енді біреулері уайымдағаннан білгенін ұмытып, төмен ұпай жинап жатады.

Биыл жоғарғы оқу орындарында оқуға 88 мың грант бөлінген, оның ішінде "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына" басымдық берілген. Бөлінген грант саны – 18 744. Одан кейінгі орында "Педагогикалық ғылымдар" тұр – 12 560 грант. Үшінші орынға 10 103 грантпен "Ақпараттық-технологиялық коммуникациялар" жайғасқан.

Қазақстандағы білім беру гранттарын былайша бөліп қарастыруға болады:

  • Жалпы мемлекеттік грант – ЖОО-ға тиесілі емес, бүкіл Қазақстанды қамтиды. ҰБТ қорытындысы бойынша ойнатылады және оқу орындарына бөлінеді. Түлек ҰБТ балына сай келетін кез келген ЖОО таңдай алады.
  • Нысаналы мемлекеттік гранттардың ерекшелігі – ЖОО-ға бөлінеді. Оны да түлек жалпы конкурс арқылы ала алады, бірақ егер басқа университетке ауысатын болса, грант сақталмайды.
  • Әкімдік гранттары – облыс немесе қала кадр жетіспеуін жабу мақсатында сұраныстағы мамандықтарға тағайындайтын грант түрі. Олар ҰБТ-дан жоғары балл алған өңір түлектеріне беріледі.
  • Ректор гранты – жыл сайын ішкі конкурстық іріктеу нәтижесі арқылы тағайындалады. Грант жеңіп алу шарттары әр оқу орнында әртүрлі болуы мүмкін.

Сонымен қатар "Серпін" бағдарламасымен оқуға түсем деушілерге 3 653 грант бөлінген. Қазіргі уақытта "Серпін" бағдарламасымен 4 бағыт бойынша білім алуға болады: педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Грантты өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Бұрын "Серпінмен" оқыған мамандар білім алған өңірінде ғана жұмыс істейтін болса, енді 11 аймақтың бірінде жұмыс істеуіне болады.

Биыл әдеттегідей ауыл жастарын қолдауға арналған квота да бар. Қазақстан Республикасының Білім беру гранттарын бөлу туралы ережесінде ауылдық квота туралы нақты жазылған. Белгілі бір мамандық пен оқу тіліне тапсырғандар арасында гранттың 70%-ы жалпы конкурс арқылы ойнатылса, 30%-і тек ауыл түлектері арасында бөлінеді. Дегенмен квота барлық мамандықта ескерілмейді. Ол ауылды дамыту үшін маңызды мамандықтарға тапсырғандар арасында қарастырылады және жыл сайын ол мамандықтар тізімі өзгеріп отырады. Тағы бір ескерте кететін жайт, егер студент университетке ауылдық квотамен түссе, оқу бітірген соң кемінде 3 жыл ауылға қызмет етуі керек.

Бұдан бөлек түрлі ұйымдар мен кәсіпкерлер тағайындайтын гранттар да бар. Мәселен, "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры биыл грантқа конкурс жариялап, түлектерді қолдауға 2 640 000 теңге бөлген.

Конкурсқа ауылдық жерлерде аз қамтылған отбасынан шыққандар, жетім және мүгедек балалар, сонымен бірге бакалавриат бағдарламалары бойынша жоғары білім алу үшін грант алмаған адамдар қатысса болады.

Ал ақылы бөлімде оқитын студенттерге қор қаражаты есебінен оқуын жалғастыруға мүмкіндік беріледі.

Жоғарыда айтып өткен грант түрлерінің қай-қайсысына тапсырсаңыз да, "Алтын белгі" иегерлері, халықаралық олимпиада мен ғылыми байқау жеңімпаздары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, патриотизм және белсенді азаматтық ұстаным танытқаны үшін ерекшелік белгісімен наградталған адамдарға басымдық беріледі.

Ендеше, түлектерге сәттілік тілейміз!