Bugin
Қазақстандық блогер Глеб Понамеров "ең төменгі жалақы - 70 000 теңгеге бір ай өмір сүру" экспериментін белгіленген уақыттан ерте аяқтады.
Понамеров Facebook-парақшасында жазба жариялап, ақша 13-күні таусылғанын жазды.
"Эксперимент шарттарын барынша жеңілдеткеніме қарамастан осылай болды. Мен отбасы мүшелерін және пәтер жалдау ақасын қосқан жоқпын. Киім-кешектен ештеңе сатып алған жоқпын. Несиелер мен қарыз болуы мүмкін екенін ескермедім. Көлік қолданбай – барлық жағдайда жаяу жүрдім деуге болады", - деді ол.
Блогер экспериментте таза үнемдеймін деп ойлағанын, бірақ процесте басқа аспектілер пайда болғанын атап өтті.
"Қорытынды әртүрлі болады, біреулерге ұнамауы мүмкін. Міне, менің 13 күндегі шығындарым:
- Коммуналдық төлем: 15 000 (21,4 пайыз).
- Азық-түлік: 32 032 (45,7 пайыз).
- Тұрмыстық химия заттары: 2 285 (3,2 пайыз).
- Шаш қию: 4 000 (5,7 пайыз).
- Ұялы байланыс қажеттілігі: 2 490 (3,5 пайыз).
- Жол ақасы: 480 (0,6 пайыз).
- Дәріхана: 15 020 (21,4 пайыз) (дәрі-дәрмек құны бюджеттен асып түсті)".
Сондай-ақ, блогер эксперимент барысында өмір сүру деңгейін барынша төмендеткенін қосты.
"Ешқандай ойын-сауық, фитнес залдары, кинотеатрлар жоқ. Тәтті, кофе және алкоголь мүлде жоқ. Егер мен баламды экспериментке қоссам, киім-кешек сатып алсам, несие төлесем, емделсем, эксперимент алғашқы 2-3 күнде аяқталар еді. Менде ертеңге дейін (15-ші күнге дейін) азық-түлік қалды. Ал сатып алынған тұрмыстық химия заттары айдың аяғына дейін жетеді. 13 күн бойы бір рет қонаққа бардым және маған бір рет кофе және бір рет түскі ас алып берді. Бұл жағдай экспериментті кем дегенде бір күнге созды. Мүмкін тек кеспе алып жесем, ақшаны бір айға созар едім. Бірақ бізде 90-жылдар емес қой, қоршауда отырған жоқпыз ғой?
Ақшаны қайда және қалай үнемдеу керек деген ойдан қатты күйзелдім. Бір-екі күннен кейін ашушаңдық қосылды. Тәжірибенің көп бөлігінде апатия мен депрессияда жүрдім. Өкінішке қарай, көпшілігіміз осы күйде өмір сүріп жатырмыз, ол қоғам денсаулығына жақсы әсер етпейді", - дейді Глеб.
Сонымен қатар, блогер өз тәжірибесінде артықшылықтарды табуға тырысқанын айтты.
"Бірақ олардың саны көп емес: мен ішімдік пен фастфудтан бас тарттым. Сонымен қатар, әдетте қаншалықты қажетсіз сауда жасайтынымды түсіндім. Тұтынатын қажеттіліктерімді аздап қайта қараймын, бірақ шамадан тыс емес. Мен кейбір ұсақ-түйектерді көбірек бағалай бастадым.
Менің қорытындым: 70 000 теңгеге өмір сүру мүмкін емес, тіпті бір адамға. Сіз аман қаларсыз. Бірақ денсаулық пен психикаға үлкен зиян келтіреді", – деді ол.