Bugin

Жұмыс берушілер кімдерге 700 мың теңгеден жоғары жалақы төлеуге дайын?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл маусым айында Электронды еңбек биржасында жұмыс берушілер қандай қызметкерлерге ең жоғары жалақы ұсынғанын айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

"Маусым айының қорытындысы бойынша жұмыс берушілер жабдықтарды сынау және режимдік реттеу бойынша басшыларға орта есеппен 700 мың теңгеден бастап, IT-дизайнерлерге 566 мың теңгеден бастап, құрылыс-монтаждау жұмыстарының инспекторларына 550 мың теңгеден бастап ең жоғары жалақы ұсынуға дайын болды",- делінген хабарламада.

Ал жұмыс іздеушілер арасында сауда саласындағы бөлім бастықтары (1,9 млн теңгеден бастап), кредиттік инспекторлар мен бас директорлар (1,4 млн теңгеден бастап) жоғары жалақы сұраған.

Министрліктің ақпаратынша, маусым айында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің белсенділігі төмендеді.

Электронды еңбек биржасында 89,9 мың бос жұмыс орны және 54,5 мың түйіндеме жарияланған. Мамыр айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 5,3%-ке, түйіндеме 26,7%-ке қысқарды.

Республика бойынша сұраныстың жалпы төмендеуі Түркістан, Жамбыл және Атырау облыстарына айтарлықтай әсер етті. Бұл ретте, төмендеудің жалпы трендіне қарамастан, бірқатар өңір маусым айында кадрларға қажеттілік артқанын көрсетті: Жетісу (+1,1 мың бос орын), Алматы (+416) және Шығыс Қазақстан (+479) облыстары. Шығыста білікті кадрлар арасында тапшылық байқалды: байланыс орталықтарының мамандары, жөндеуші слесарлар және электр-газ дәнекерлеушілер.

Екінші жағынан жұмыс іздеушілер белсенділігінің айтарлықтай төмендеуі көптеген аймақта кадр тапшылығына әкелді. Мәселен, Қарағанды облысында бос жұмыс орындарының саны түйіндеме санынан 6,4 мыңға, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында 3,9 мыңға асып түскен. Осы үш басым өнеркәсіптік өңірде ең үлкен тапшылық орташа білікті кадрлар бойынша (2 мың түйіндеме кезінде 8,7 мың бос жұмыс орны) байқалды, деп мәлімдеді ведомство.

Маусым айында Электронды еңбек биржасында біліктілігі жоқ қызметкерлерге тұрақты сұраныстан басқа, байланыс орталықтарының операторларына, күзетшілерге және тәрбиешілерге жоғары қажеттілік байқалған.

Жас ерекшеліктеріне тоқталсақ, маусым айында 26-30 жас аралығындағы жұмыс іздеушілер белсенділік танытқан. Олар түйіндемелердің жалпы санының 16%-ін (8,5 мың) орналастырған. Зейнет жасына дейінгі азаматтардың үлесі 7,7%-ті құрады. Түйіндеменің ең азы 15-20 жас аралығындағы жұмыс іздеушілерге тиесілі.