Bugin
Белгілі диктор Қуат Ахметжанов қазақ журналистерін сынап, парақшасында жазба жариялады.
Ахметжановтың жазуынша, орыс тілді журналист Козачковтың қылмысы дәлелденсе де, ол үй қамақта отыр.
"Осы Козачковтың артында кім тұр? Қылмысы дәлелденсе де міз бақпай үй қамақта отыр пост жазып. Ең бірінші болып ақпарат осыған түседі. Артынан жаңалықтар іліп әкетеді. ҚЫЗЫҚ. Осы Мишәнің қолын бұрап әкеткенде, орыс тілді журналистер өре түрегелгендері естеріңізде ме? Ана Борейко шалға дейін сүріне жаздап, жапатармағай президентке хаттарын ала жүгірді. Араша сұрап. Қандай ұйымшыл ә? Ғажап. Қызығасың. Соңында КҮЙМЕГЕ отырғызып алып үйіне әкеп тастады. Шаң жуытпайды. Таламайды өз адамын біз сияқты", - дейді ол.
Диктордың айтпағы, журналист Думан Мұхаммедкәрім секілді шыншыл маманның артынан іздеп келер ешкімі жоқ. Тек ата-анасы ғана баласы үшін шыр-пыр болып жүр.
"Айтайын дегенім дәл осы кезде Миша миығынан күліп пост жазып, нанға май жағып, үстіне икраны аямай салып жеп отырғанда Думан Мұхаммедкәрім аш жатыр темір тордың аржағында қанша күн болды. Жағдайы өте нашар. Әке шешесіне обал. Әрі бері сабылып тоздырып бітті Алматы мен Талдықорғанның жолын. Елдің болашағына сенеді деп ойласыздар ма осыдан кейін?
Шырылдап жүрген жалғыз жанашыр қарындасы @aijan_almaskizi . Не істей алады ол? Бір ағаш орман болмайды. Сол Барейко сияқты аға буын журналистер бізде де бар емес пе? Неге солар “әй” демейді? Неге президентке бір жапырақ қағазын ала жүгіріп араша сұрамайды?", - деп жазды ол.
Оған қоса, Ахметжанов "үкімет қазанынан ас ішіп отырған" блогер мен журналистерді түсінетінін жасырмады.
"Айтпақшы, иә, 90% журналиспен блогерлер үкіметтің қазанынан ас ішіп отыр екен ғой. Думанды қайтсін… Осы постқа пікір жазбақ тұрғой лайк басуға да қорқар. Келесі жылы журналистер күнінде пәтер кілті бұйырмай қалуы әбден мүмкін ғой. Оны да түсінемін. Ағайын-туыстардың басы бір қазанға сыймай жатса бүкіл қазақ қалай біріксін бірақ…
Әр қазақ менің жалғызым деген ұранды кім ойлап тапқан? Осы сөзге жыным келеді әділетсіздікті көрген кезде. Сұрақ көп, жауап жоқ. Адамның күні адаммен, өгізге туған күн, бұзауға да туады, соны ұмытпайық",- деп жазды ол.