Bugin
Алматы облысында полиция ғимаратының аумағында ұсталған азаматтың көлігінен 4,5 миллион теңге жоғалып кетті.
Құқық қорғау органдары бұл фактіні тексеріп жатқанын растады.
"2 маусымда Қарасай аудандық полиция бөліміне BMW X7 автокөлігімен келе жатқан белгісіз тұлғалар атыс қаруын заңсыз тасымалдап, сақтауы мүмкін екені туралы хабарлама түсті. Көлікті тексеру барысында 4 500 000 теңге көлеміндегі қолма-қол ақша табылды. Кейіннен теңгені белгісіз біреулер ұрлап кеткен", - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Аталған дерек ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша тіркелді.
"Қазіргі уақытта қылмыстық фактіні толық және жан-жақты анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", - деп қосты полицейлер.
Ұсталған азаматтың туыстары ақша Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінің автотұрағында болған кезде көліктен жоғалып кеткенін алға тартады. Айтуларынша, көлік бір айдан астам уақыт сол жерде болған және 7 шілдеде эвакуатордың көмегімен көлік айып тұрағына жеткізілген. Дәл сол кезде ірі көлемдегі ақшаны ұрлау фактісі анықталды.