ДЕНСАУЛЫҚ
Жаз – көкөніс пен жеміс-жидек маусымы. Түрлі-түсті болған көк-сөк көздің жауын алып, исі мұрныңды жарады. Алмасқа амалың қалмайды. Алайда жазда дәл осы жеміс-жидектерден уланатындардың қарасы көп. Бір себебі олар ыстықта тез бұзылады. Bugin.kz тілшісі жазда уланып қалмас үшін не істеу керек, азық-түлікті қалай сақтаған абзал деген сұрақтар төңірегінде жауап іздеді.
Тағамнан улану – ас қорыту жүйесін бұзатын ауру. Ол ағзаға азық-түлік өнімдерімен түрлі микроағзалар, көбіне бактериялар түскеннен туындайды.
Улануға, әдетте, сақтау мерзімі өтіп кеткен немесе дұрыс емес жағдайда сақталған, санитария нормалары ескерілмей жасалған сапасыз өнімдер себеп болады.
Дайын тағамдар, қоспасы көп, майонезбен немесе қаймақпен араласқан салаттар, кремі бар кондитерлік өнімдер, тартылған еттен жасалған тағамдардан жиі уланады. Сонымен қатар дұрыс жуылмаған жеміс-жидектер мен көкөністерден де адамдар ауырып қалуы мүмкін. Өйткені кей жағдайда олардың бетінде ішек инфекциясын қоздырушылар қалып қояды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын әлемде 600 миллион адам тамақтан уланып, оның екі миллионға жуығы қайтыс болады.
Өзіңіз және айналаңыздағы адамдар жазда тағамнан уланбасын десеңіз, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған негізгі үш ережені назарда ұстаңыз:
Осы ережелерді сақтасаңыз жазда ғана емес, жылдың кез келген мезгілінде тағамды қорықпай іше бересіз.
"Адамдар, әдетте, мұндай жағдайда не істейді? Жатып алып, іш өтуге қарсы дәрілерді қабылдап, тіпті біреулер марганцовка ішеді. Әрине, бұл дұрыс емес. Сұйықты көп ішу керек, әсіресе, регидрон ерітіндісін қолданған жөн", - дейді дәрігер.
Уланған кездегі ең қауіптісі – ағза интоксикациясы. Егер бір күннен кейін науқастың жағдайы жақсармаса, жиі ұйқысы келіп, тері құрғаса, дереу дәрігер шақырып немесе ауруханаға бару қажет. Өз бетіммен емделемін деп жүргеніңізде, гастрит пен асқазан жарасы дерті пайда болып кетуі мүмкін. Интоксикация күшейіп кетсе, адам тіпті комаға түсуі де ықтимал.
Жағдай жақсарғанның өзінде толық қалыпқа келу үшін дәрігерден кеңес алған дұрыс.