Саясат
Балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен мекеменің қызметкерлері жұмыстан босатылды
Атыраудағы балалар интернатының тәрбиешілері мүгедек балаларды сабаған. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Сөйлеу қабілетінің кемістігі бар балаларға арналған Атыраудағы мектеп интернаттың жұмыс барысының тексеру қорытындысы облыс прокуратурасында талқыланған болатын. Мұнда ата-ана қамқорлығынсыз қалған 98 мүгедек бала тұрақты тұрып жатыр. Оларға күш көрсету фактілері бар екендігі анықталыпты. Тәрбиешілер ұзақ уақыт бойы балаларды сабап, жұмыс жасауға мәжбүрлепті», – деп хабарлайды Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Облыс прокуроры Ернат Сыбанқұловтың айтуынша, бұл іс сотқа дейінгі тексеру жұмыстарын бастап кетуге толықтай мүмкіндігі бар.
Тергеу полиция органдарымен Қылмыстық кодекстің 140-бабы, 2-бөлімі (кәмелетке жасы толмағандарды тәрбиелеуге қатысты міндеттерді орындамау) бойынша жүргізілуде.
«Балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен мекеменің қызметкерлері жұмыстан босатылды. Істің барысын облыс прокуроры қадағалауда», – деді қадағалаушы орган өкілдері.