Bugin

9 жастағы қыз аяғынан айырылды: Бұған неге билік кінәлі?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылында 9 жастағы жеткіншек аяғынан айрылды. Ауыл тұрғындары бұған билікті кінәлап отыр. Бұл туралы Bugin.kz порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

9 жастағы Адель Омарованы жолдан анасымен бірге өтіп бара жатқан кезде көлік қағып кеткен. Биші болам деп армандайтын жеткіншек талай байқаудан жеңімпаз атанып, тіпті Астана төрінде де сахнада өнер көрсеткен. Ал қазіргі жағдайы мүшкіл.

"Әпкем қызымен жолдан өтіп бара жатқанда көрші көлікті басып озбақ болған темір тұлпар келіп қаққан. Бала жансақтау бөліміне жағдайы өте ауыр болып түсті. Сол жақ қолының сүйектері ұсақталып кеткен, дәрігерлер әрең жинаған. Ал аяғын кескен. Өйткені баланың аяғының сүйегі мүлдем үгітіліп кеткен. Екі рет ота жасалған, бірақ аяғын аман алып қалу мүмкін болмаған", - дейді Адельдің туысы Жанат Чжан.

Оқиға 14 шілдеде болған. Жол апатынан Адельдің анасы да қатты зардап шеккен. Бірақ қызының өмірін ойлаған ана өзіне қарауға мұршасы болмаған.

"Абайдың жолында жол белгілері жоқ. Жылдамдық бәсеңдеткіш деген мүлдем жоқ. Адамдар жүретін жаяу жолды армандаудың өзі артық. Күніне жүк көлігі, басқасы бар мыңдаған көлік жүреді. Еш жерде 40 деген белгі жоқ. Бір ғана бағдаршам бар, оның өзі кейде істемейді. Жергілікті әкімге де бірнеше рет бардық, бірақ мәселе сол күйі шешілмеді", - дейді ауыл тұрғындары.

Абай ауылында тіпті аурухана жанында да жаяу жүргіншілерге арналған ешбір белгі жоқ.

"Менің мүгедек немерем бар. Қоларбаға отырғызып сыртқа шығайын десем, жолдағы көліктен қорқамыз. Аядай ауладан аттап шыға алмаймыз. Балалар не дүкенге бара алмайды. Сабақ кезінде тіпті қиын. Жанымызды шүберекке түйіп отырамыз", - дейді Шолпан есімді тұрғын.

Құзырлы органдарға шабылып барғанмен, әзірге бұл проблема еш шешілер емес. Тұрғындардың айтуынша, жолда арнайы белгілер болса 9 жастағы Адель аяғынан айрылмас еді.

Sputnik Қазақстан жергілікті әкімдіктен мәселенің мән-жайы туралы сұрады. Бірақ билік өкілдері қандай да бір жауап қатпады.