Bugin
Бүгін Түркістан облысында кісі қолынан қаза тапқан бес жасар сәбидің жетісіне жиналған жұрт наразылыққа шығып, тергеуді әділ өткізуді талап етті.
Бір топ әйел "Педофилдерге өлім!", "Әділ сот болсын!" деген жазуы бар плакат ұстап, Жібек жолы ауылының ішімен өтіп, қазақ-өзбек шекара бекетіне апаратын күре жолды жапқан. Оқиға орнына полиция мен арнайы жасақ келген.
Жиналғандардың айтуынша, қыздың өліміне байланысты тергеуге тағы бір күдікті шақырылған, кейін оны босатқан. Тұрғындар "сот-медициналық сараптама қорытындысы шықпай, күдіктіні шығаруға болмайды" деп талап қойған.
Жолды жапқан наразы жұртты арнайы жасақ әкімдік ғимаратына күшпен кіргізген. Әкімдік өкілдері мен полиция әйелдердің шағымын тыңдап, сұрақтарына жауап береміз деген. Кісі қолынан қаза болған бала туысының сөзінше, қазір әкімдік ғимаратын арнайы жасақ қоршап тұр.
Еске салсақ, 13 шілде күні Жібек жолы ауылында өз үйінің ауласында ойнап жүрген бес жасар қыз кісі қолынан қаза тапқанын хабарлаған едік.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне Сарағаштағы бес жасар сәбидің өліміне байланысты оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған.