Саясат

Дипломыңыздың құны қанша?

Білімнің алтын қазық екенін түсінетін уақытта жоғары білімнің бәсі де биік. Қазір ше?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Дипломы бар азамат деген ұғым бұрындары аса жоғары бағаланатын. Себебі жоғары білімді азамат атанатындардың қатары аса көп емес еді. Сондықтан болар, Мәскеу көріп келген, батыстың білімін меңгеріп қайтқандар елде ерекше құрметке ие болатын. Білімнің алтын қазық екенін түсінетін уақытта жоғары білімнің бәсі де биік. Қазір ше?

Елдегі білім ошақтары жекешеленуге өтіп, қаптаған оқу орындарының кең етек алуының салдарынан жоғары білімді азамат атану айтарлықтай қиынға түспей қалды. Тіпті бір емес, бірнеше дипломы бар азаматтар оқудың жолына түсті. Бұл дегеніңіз, оқу орындарына түсу мемлекеттік грант арқылы, не гранттан қа­ғылғандар ақшасы болса жоғары білімді аза­мат атана алады деген сөз. Әйткенмен, білім сарапшылары "соңғы жылдары жоғары білімнің сапасы сыр бере бастады" дегенді жиі айтатын болды. "Ақысын берсең, бәрін рет­тейміз" деген стереотип ақылы оқуды жүргізе­тін жеке оқу ошақтары жоғары білімді аза­маттар даяр­лаудың жолын коммерциялан­дырып жіберді.

Білімнің түптамырына терең еніп жүрген ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Тілеуберді Сайдуллин жоғары деңгейдегі оқуға түскісі келетін дарынды жастар бұрындары Бағдат пен Мысыр, Стамбұл мен Бұқара сынды ертедегі білімнің ошақтарының білімін алатын. Бұл зиялы әрі талапты жас­тарға үлгі-өнеге көрсете алатындай сапалы мамандар деуден жалықпайды. Айтуынша, білімде жүйе жойылған.

–   Жоғары білім беру саласында нақты үйлестірілген жүйе жо­қ. Тұжырымды бағыт-бағдары жоқ, басшы, ұстаз кадрларын іріктеу мен тағайындау, методикалық-әдістемелік, тәжірибелік жұ­мыстары қанағаттанғысыз. Жоғары мектептің мақсаты – білікті кадрлар дайындау. Ол кадрлар мемлекетіміздің нақты қоғамдық, экономикалық мәселелерін шешу үшін қызмет етеді. Бізде әрбір саланың өз ерекшеліктері бар. Сондықтан мамандарды өзіміз даярлап, шетелге тек қана тәжірибе алмасу үшін, заманауи деңгейдегі озық технологиясын игеру үшін ғана жіберу керек, – дейді академик.

Білімнің талабы сәт сайын күшейіп, бәсеке бой бермей барады. Қазіргі еңбек нарығы жоғары оқу орындарының тек сапаға ғана емес, қабілетке де ерекше ден қоюды қа­жет етіп отыр. Бұл бір білімнің аздық ететіні, бакалавр дәрежесінің аясы тарылып бара жатқанын айғақтайды. Ол әсіресе, мұғалім, дәрігер, ға­лым болғысы келетіндер үшін аса маңызды.

Жоғары білім алу – жұмысқа тұ­рудың жолы. Мұны түсінген азаматтар бір емес, бірнеше оқу орындарын бітіріп, маман атануда. Дегенмен, елдегі жұмысқа тұрудың жүйесі парадоксалды жағдайды еске салады. Қолында қос дипломы бар маманның тұрақты жұмыс таба алмай жүргендері аз емес. Тиісінше, бір мамандықты бітіріп, мансабы жоғары қызметте еңбек етіп жүрген азаматтар да ел ішінде. Демек, жоғары білім тек теориялық білімді меңге­ріп, құжат алып шығуды емес, қабілетті маман болып қалыптасуды қажет етеді. Осы орайда жақында Қазақстандағы жоғары оқу орындарының орташаға бағаларының мә­ліметі жарыққа шықты. Салыстырмалы анализ жасайтын болсақ, елдегі ең қымбат оқу бағасы жөнінен Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда оқу құны 671397 теңгені құрайды. Елордадағы оқу ақысы да аз емес. Орташа оқуды 532384 теңгеге ала аласыз. Үштікті Ақтөбе қо­рытындылайды. Өңірде 484333 теңге төлеп, университет есігін аша аласыз. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы білім құны 450 мың теңгені маңайлайды. Ал, Ақмола мен Атырау аймақтары 400 мыңға дейінгі қаржыны қажет етеді. 300 мың теңгенің шамасынан жоғары бағадағы білім алуға болатын аймақтар қатарына Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды аймақтары жатады. Оқу ақысы жөнінен ең төменгі аймақ оңтүстік өңірлер екені анықталған. Қызылорда облысында жоғары оқу орнының орташа құны 286629 теңге құраса, Шымкент және Түркістан облысында 274933 теңгеге жоғары білім ала аласыз. Әрине, статистикалық мәліметтің ара сал­ма­ғын екшеуде ескерер дүние көп. Себебі Қазақстандағы жоғары оқу орындарын оқытатын университеттер мамандығына қарай қаржының көлемін қояды. Престиж саналатын мамандықтың тиісінше құны да жоғары. Сұранысқа ие мамандыққа оқығысы келетіндердің де қалтасы қалың болуы тиіс.

Түптеп келгенде, бүгінгі 4 жылдық білімді растайтын диплом құн­сыз құжат емес. Орташа есепке шаққанда бір азамат жоғары білімді  5000 долларға, яғни теңгемен есептегенде 2 миллион теңгеге ала алады. Бұл тек оқудың ғана қаржысы. Бірақ, қабілет-қарым болмай, мамандықты толық меңгермей сапалы маман болып қалыптасу мүмкін емес. Жүр­дім-бардым, келдім-кеттім жүйемен білім алу кешті болдыруға асығатын мамандарды қалыптастырады. Демек, жоғары білімді азамат статусын алу ең әуелі университеттің білім базасы, жүйе мен жас маманның қарым-қабілеті толық таразыға түс­кенде ғана мүмкін болмақ.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61