Bugin
Шымкентте келін қайын атасының атына екі рет несие рәсімдеп, ақшаны өзі иемденіп алған.
Абай ауданының тұрғыны полицияға өзінің атына заңсыз несие рәсімделгені туралы арызбен жүгінді. Ер адамның айтуынша, ол кезекті төлем туралы хабарлама келген кезде несие туралы кездейсоқ білген.
Полицейлер бұл жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтау үшін бірқатар жедел іс-шаралар жүргізді. Жәбірленушіден, оның отбасы мүшелерінен және әріптестерінен сұрақ-жауап алынды. Смартфонын көбіне қайда және қашан қалдырғанын, жеке деректерін кімге жария еткенін, сондай-ақ ақша аударымдарын тексерілді. Нәтижесінде күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғынның келіні болып шықты. Өзінің қулық-сұмдығы туралы қайын атасының біліп қойғанын байқап, Түркістан облысындағы туыстарына қашып кеткен. Полиция қызметкерлері оны мегаполиске жеткізді.
Айлакер келін күйеуінің қарт әкесінің телефоны арқылы интернет-банкингті жасырын пайдаланғаны белгілі болды.
"Бірнеше айдың ішінде әйел туысының атына жалпы сомасы 750 мың теңгеге тауар алу үшін 2 несие рәсімдеген. Оларды қолма-қол ақшаға айналдырып, қаражатты өз шотына аударып алған. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады", – деді Абай аудандық полиция басқармасының анықтаушысы Серік Жантаев.