Bugin
Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау ауылының бұрын екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұрғыны бостандыққа шыққаннан кейін ескі әдетіне қайта басқан.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, ол техникалық қызмет көрсету станциясы иесінен ақша бопсалаған. Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ауыл тұрғынының қылмыстық іс-әрекетін әшкереледі.
"42 жастағы күдікті 20 маусым мен 16 шілде аралығында өзінің 34 жастағы көршісіне күш қолдану арқылы қауіп төндіріп, жәбірленушіден ақшалай қаражат бопсалаған. Жеке тінту барысында ұсталған адамнан жәбірленушіден алған 60 мың теңгесі, сонымен қатар одан ерекше иісі бар қара-жасыл заты бар қағаз бумасы және ОРРО телефоны табылып, тәркіленді", - делінген хабарламада.
42 жастағы күдікті бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 18 жылға жуық бас бостандығынан айрылған. Белгілі болғандай, мұндай ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру тиісті нәтиже бермей, қайтадан бостандыққа шығып, тағы да қылмыстық жолға түскен.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы ("Қорқытып алу") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.