Bugin
Түркістанда 44 жастағы келіншек кран тізгіндеп жүр. Өз жұмысын атқару үшін ол күн сайын жерден 70 метр биікте тұрған техникаға өрмелеп шығады.
Пакиза Маматованың бұл іспен айналысып келе жатқанына 17 жылдан асқан. Бір қызығы, оған бұл мамандық ақ шымылдық аттаған соң берілген. Яғни, ол краншылар отбасына келін боп түскен. Алып техниканың қыр-сырын күйеуі үйретсе, қайын атасы кәдімгідей қолдау білдірген. Өзінің де құштарлығының арқасында ол кран тізгіндеуді небары 4 айдың ішінде толық меңгеріп алған.
"Шын айтайын, алғаш биікке шыққанда менде еш қорқыныш болған жоқ. Жастығым және құштарлығым басым болғандықтан шығар. Екінші жағынан отбасым да қолдады. Қазір тіпті еркін жүргіземін. Қайта қаланың үстінен қарап отырған ұнайды. Осы уақытқа дейін қаншама құрылыс нысандарын салуға үлес қостым. Сонымды мақтаныш тұтамын", - дейді мұнаралы кран операторы Пакиза Маматова.
Расында, краншы келіншек бүгінде Түркістанның ең биік нүктесін бағындырған. 70 метрлік кранды басқару оған түк те емес, себебі оның алғаш тізгіндеген краны 100 метр биіктікте болған.