Саясат
Сенат спикерінің имиджіне қайшы, ерсі айтқан 5 сөзін еске түсіріп көрейік
20 наурыз күні Дариға Назарбаева Парламент Cенатының спикері болып тағайындалды. Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы өзін парасатты, ұстамды саясаткер ретінде позициялайды. Мәлімдемелерінде әрдайым маңғаз, ойлы көрінуге тырысады. Дегенмен Сенат спикерінің ерсі сөйлеп, көпті мырс еткізге кездері баршылық. Ендеше Дариға Назарбаеваның имиджіне қайшы, оғаш 5 сөзін еске түсіріп көрейік.
№1. Әкімдерде бір-бір тікұшақ болуы тиіс
2017 жылдың желтоқсан айында Назарбаева тікұшақтарды құрастыратын, қызмет көрсететін зауытта болып, Қазақстандағы әр әкімге бір-бір тікұшақтан беру керек деген еді.
"Қазір біз міне Eurocopter өндірісінде қонақтамыз. Қазақстандықтар осы тікұшақтардың қаншалықты пайдалы екендігінен толыққанды мәліметті хабардар емес болуы мүмкін. Әр әкімнің осындай тікұшағы болуы тиіс, әсіресе ауылшаруашылық қожалықпен айналысатындар үшін. 500 шақырым жерді көлікпен аралап шығу өте қиын. Ал тікұшақпен екі-үш сағат ұшып, барлығын көруге болады. Бұл жұмысты жеңілдетер еді. Ал үлкен қалаларда кептелістің салдарынан жолда тұрып қалып жататын кездер де болады".
№2. Мен анаша иісі қандай болатынын білмеймін
2014 жылдың қаңтарында Дариға Назарбаева Шу даласын ірі фармацевтік, тоқыма компанияларына беру керек дейді дүйім жұрт алдында. Оның ойынша, оңтүстік аймақта өсетін анаша медициналық мақсатта пайдаланылуы тиіс.
"Біз кенепшөпке деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек сияқты. Ол тек есірткі емес, пайдалы ауылшаруашылық өсімдік".
Парламент мәжілісінің отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап бері жатқанда жұрт оны анашаға деген әуестігі бар деп ойлап қалмас үшін, Назарбаева "Мен анаша қолданып көрмегенмін, иісі қандай екенін де білмеймін", – деп жоқтан-жоқ ақталады.
№3. Әлемдік деңгейдегі колледждерді ашу – колхоз және мәмбетизм
2014 жылдың қазанында Дариға Назарбаева әлемдік деңгейдегі колледждерді ашу идеясына сын айтады.
"Жалпы "әлемдік деңгейдегі колледж" деген атаудың өзі Остап Бендердің "Нью-Васюки" атты ірі жобасын еске салады. "Әлемдік деңгейдегі" деген сөз – бұл "колхоз және мамбетизм", шынымды айтайын! "Әлемдік деңгей" деген не? Бізде не индустрия әлемдік деңгейде гүлденіп жатыр ма?" – деп мәлімдеді ол Мәжіліс комитетінің "Кәсіпқор" холдингінің қызметі жөніндегі отырысында.
№4. Фурманов көшесінің атауын Назарбаевқа ауыстыру жөнінде
2017 жылдың қарашасында Дариға Назарбаева Алматы әкімдігінің Фурманов көшесінің атауын әкесі Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне ауыстыру туралы шешіміне пікір білдірген еді.
"Түрлі объективті, субъективті себептерге байланысты, бұл сұраққа объективті жауап беру қиын. Бірақ елін сүйетін, 25 жылда жеткен жетістіктермен мақтанатын мемлекетіміздің азаматшасы ретінде, бұл шешімді өте дұрыс санаймын және біздің елдің лидері өміріміздің бейбіт, тыныш болғаны үшін үлкен құрметке лайық", – деді Назарбаева Сенат кулуарында.
№5. Мүгедек балалар жайлы
2013 жылдың 10 желтоқсан күні Астанада Парламенттің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында сөз сөйлеген Дариға Назарбаева жасөспірімдердің адамгершілік-жыныстық тәрбиесі тақырыбын қозғады. Депутаттар Қазақстанда жыл сайын ерте жүктілік, мерез және ВИЧ дертін жұқтырудың 22 мың оқиғасы тіркеледі деген статистика келтірді.
Дариға Назарбаева осы отырыста "Меніңше, жасынан ерте жауапсыз жыныстық қатынасқа түсудің қандай салдары болатынын көрсету үшін балаларды ара-тұра жетімдер үйіне, мүгедек балаларға арналған интернаттарға экскурсияға апарып тұру керек. Оларға әлгі кемтарлардың балаларын, мүгедектерді көрсету керек, көрсін! (Орысшасы: "И детей этих уродов показать, инвалидов, пусть смотрят" – ред.). Мұндай әдіс 10 сағат лекция оқудан да күшті әсер етеді" деп мәлімдеген.
Депутаттың бұл сөзі қазақстандықтардың наразылығын тудырып, көптеген интернет қолданушы Дариға Назарбаеваны жазғырған еді.