Bugin
Арал ауданы Қарақұм ауылының тұрғындары мал мен жанның амандығына алаңдап отыр. Себебі ауыл тұсындағы пойыз жол өткелі қараусыз қалған.
"Күн тұман, жауын болмайды ма?! Сонда біреу міндетті түрде мына тұрған темір жолдың астына түсіп өлу керек па. Малымызға осындай қысым көрсете берсе, онда мына жерде адам қалмайды, көшеді барлығы"- дейді ауыл тұрғыны Абай Әбішов.
Бұл маңдағы бекет 2016 жылы ашылған. Бірақ жолаушыларға жағдай жасалмаған, пойызды олар күннің астында, аяз бен желдің өтінде сағаттап күтуге мәжбүр. Ол аздай енді өткелдегі күзетшілерді қысқартып, қауіпті екі еселеді дейді халық. Оны ауыл әкімі де жоққа шығармайды. Себебі бақылау аймағы іске қосылғалы апаттың беті сейілгенін айтады. Алайда мәселені шешуге қауқарсыз.
Мамандардың айтуынша, бұл жермен тәулігіне 10-12 пойыз өтеді. Көлік саны да аз дейді. Сондықтан арнайы талапқа сай жұмысшылардың қысқартылғанын айтады.
Қарақұм ауылында 35 мың түлік заңды тіркеуде тұр. Ал өрісте есепсіз жүргені қаншама. Сондықтан мыңғырған малды бағу былай тұрсын, қашан қораға келіп-кететіні белгісіз дейді тұрғындар. Мамандар болса, ауыл тұсынан өтетін пойыз бен көлік саны артпай өткелді іске қоса алмаймыз дейді.