Bugin

4 жасар қызды себепсіз тепкен Түркия азаматы жазалана ма

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысындағы сауда орталығында бүлдіршінді тепкен шетелдік туралы пікір білдірді. 

Алматы облысының Қарасай ауданындағы сауда орталығында 4 жасар қыз баланы ер адам теуіп ұшырған. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары 1998 жылғы Түркия Республикасының азаматын анықтады. Күдікті жауап алу барысында оқиғаны баяндап, өз кінәсін толық мойындады.

"Кеше маған сауда орталығында қыз баланың тепкіден құлағаны туралы ақпарат келіп түсті. Бұл жайт "Бұзақылық" бабы бойынша тіркелді. Әрекетті жасаған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Алматы облысының Полиция департаментімен байланыстамын. Бұл факт бойынша сот шешімі күшіне енгеннен кейін, жазасын мұнда өтегеннен кейін оны ҚР шекарасынан шығаруға бағытталған сот процесі басталады", - деп жазды Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар, уәкіл заңнамада балаларға қатысты қылмыстың осындай құрамына байланысты бап жоқ екенін атап өтті. 

"Осыған байланысты біз қазір Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, заңнамаға балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты тиісті баптарды енгізу жұмысын бастадық. Жалпы, түзетулер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты әртүрлі саламен байланысты. Заңнамаға ұсыныстар пакетін ҚР Парламентіне осы күзде беруді жоспарлап отырмыз", - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Еске салсақ, осыған дейін бүлдіршінді шетел азаматы себепсіз теуіп жібегенін хабарлаған едік.