Bugin
Ауғанстанда сұлулық салондары жабылып, 60 мың әйел жұмыссыз қалды.
Шілде айының басында Талибан билігі жаңа ережелерді қамтитын жарлық шығарған болатын. Оған себеп - сұлулық салондарындағы қымбатшылық тойға баратын отбасыларға экономикалық қиындықтар туғызатын көрінеді. Сондай-ақ операторлардың қолданыстағы ережелерді сақтамайтынын мәлімдеді.
"Олар біздің салондарымызды жауып, үйге қайтуды бұйырды", – деді кабулдық косметолог.
Өткен аптада ондаған әйел бұл шешімге наразылық білдіріп, Кабул көшелеріне шықты. Қатысушылардың айтуынша, демонстрация күшпен таратылып, кейбір әйелдерді ұстап алып кеткен. Сұлулық салондарының жабылуы ауған әйелдерін күн көрістен қақты.
"Сұлулық салондары сәнденіп, тырнақ жасататын жер ғана емес. Осы кәсіп арқылы қаншама ауған әйелі табысын тауып, күнкөріс қамын жасап отыр. Салондардың жабылуы салдарынан 60 000 әйел жұмысынан айырылды", – деді Human Rights Watch ұйымының өкілі Хизер Барр.
Айта кетейік, 2021 жылдың тамызында Талибан қозғалысы билікті қолға алған кезде қалыпты билік ететініне уәде берген еді. Нәтижесінде олардың билігі авторитарлық және догматикалық сипатқа ие болып отыр. Әйелдер кәсіптерінің үлкен бөлігінен айырылды. Сондай-ақ оларға университеттер мен орта мектептерге баруға тыйым салынды.