Bugin
Еліміздің оңтүстік облыстарында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер құлдыққа түскен. Ұйымдасқан топ құрықталып, бүгінде іс сотта қаралып жатыр. Бұл туралы ІІМ адам саудасына қарсы күрес басқармасының басшысы Самат Кусетов мәлімдеді.
"Өткен жылы еліміздің оңтүстік облыстарында ұзақ уақыт бойы адам саудасымен айналысқан 11 адамнан тұратын ұйымдасқан топ ұсталды. Олар еліміздің әр өңірінде таныстары мен әлеуметтік желілер арқылы жас қыздардың сеніміне кіріп, табысы жоғары жұмыс ұсынған. Кейін олардың құжаттарын алып қойып, айтқандарына бағынбаған жағдайда зорлық-зомбылық көрсетіп, бопсалаған. Сол сияқты ойдан шығарылған айыппұлдар қолданылып, есірткі қолдануға мәжбүрлеген", - деді Самат Кусетов елордада өтіп жатқан "Адам саудасына қарсы күресте ұлттық және халықаралық серіктестікті нығайту" атты халықаралық конференцияда.
ІІМ өкілінің айтуынша, адам саудасы және құлдыққа негізінен әлеуметтік тұрғыдан топтар тап болады.
"Ұйымдасқан топты құрықтаудың нәтижесінде барлығы 15 жәбірленуші анықталды. Оның ішінде жетеуі – кәмелетке толмаған жасөспірім. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр", - дейді ол.