МӘДЕНИЕТ

Мархаба Сәби: Психология тақырыбындағы киноға түскім келеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әнші Мархаба Сәбиді қазақ эстрадасындағы құбылыс деп айтуға болады. Қымбат клип пен продюсерсіз танылған өнер адамын тыңдармандары ерекше жанры, әдемі даусы, талғампаз әндері үшін жақсы көреді. Әншінің "Ұнайды маған", "Шай-пай", "Қой, күрсінбе", "Ғасырлық мұң", "Қазақша" сынды т.б. кең тараған көптеген әні бар. Ол – "Славян базары", Diamonds Voice, Turkvizyon-2015 байқауларының жүлдегері. Мархаба ханым Bugin.kz тілшісіне сұхбат беріп, өнер туралы ой-пікірін, жаңалықтарын бөлісті.

- Мархаба ханым, әндеріңіздің бәрі ерекше. Білуімізше, бәрін өзіңіз жазасыз. Қандай сәтте келеді ән?

- Иә, айтатын әндерімді өзім жазамын. Кез келген ән бірінші түпсанамда идея болып біраз уақыт ұйықтап жатады, сосын уақыты келгенде ән болып жарыққа шығады. Кез келген сәтте келуі мүмкін.

- Музыка қалай жазылады және қалай аранжировка жасалады? Сол кезде аудитория ескеріле ме?

- "Тыңдалмаған ән жетім" деген сөз бар ғой, сондықтан ән жазу барысында міндетті түрде аудиторияны ескеремін. Сонымен қатар өзімнің талғам-қалауымды да назарға аламын. Әнге идея ретінде қарағандықтан, сол идея дұрыс жетсе деген ой тұрады үнемі.

- “Қазақстан дауысы. Балалар” жобасында тәлімгер болдыңыз. Жастарда өзіндік пікір, креатив, ерекшелік бар ма?

- Қазіргі балалар вокал, дауыс құралдарын игеру шеберлігі жағынан бізден әлдеқайда ерте дамыған деп айтуға болады. Себебі қазір интернет бар, көп ақпарат қолжетімді. Бірақ дауыс – әншінің бір қыры ғана, қанша әдемі дауыс болса да ой, сезу, түйсік болмаса әннің үлкен дүниеге айналуы қиын. Мен тәлімгер болған кезде тобыма келген балаларға осыны түсіндіруге тырыстым. "Жәй ғана әдемі даусы бар, жансыз, көлеңке әнші болмау керек, өзіндік ой-пікірі қалыптасқан, ұстанымы бар тұлға болуға тырысу қажет" деп ақыл-кеңесімді айттым.

- Елімізде ішінара шығып жүргені болмаса эстрадада жаңашылдық тоқтап қалғандай еді. Кейінгі жылдары жарқ еткен жастардың буыны пайда болды. Оның ішінде өзіңіз де барсыз. Олар қайдан шықты? Бұрын қайда болды?

- Кез келген құбылысқа баға беру үшін белгілі бір уақыт өту керек деп есептеймін. Қазіргі таңда жіктеп, қайдан, не себепті деген сұрақтарға жауап бере алмаймын.

- Қандай музыкалық аспаптарда ойнайсыз?

- Өз әнімнің әуезін өзім ойнап алатын деңгейде үрмелі сыбызғы, казу деген аспаптарды тартамын.

- Жұмыс кестеңіз тығыз тәрізді. Осы сұхбаттың өзіне әзер уақыт тапқаныңызды білеміз. Қалай үлгересіз? Энергияны қайдан аласыз?

- Қазіргі уақыт өзім үшін ең құнды, алтын шақ деп есептеймін. Жастық пен ақыл тоғысқан кезең. Осы кезде өнердегі әлеуетімді толығымен қанағаттандырып, әлемге паш етіп үлгергім келеді. 

- Әдетте, немен айналысқан ұнайды деп сұрап жатамыз ғой. Бұл жолы керісінше, не істеген ұнамайды?

- Амалдың жоқтығынан істелетін маңызы жоқ, күйбең тірліктерге уақыт жұмсаған ұнамайды.

- Жетістікке жету үшін, танылу үшін не істедіңіз?

- Маған жай ғана жетістікке жету қызық емес. Жетістікке жету процесі қызық. Сол процесстің ішіндегі күрес, эмоция қызық. Кәсібилігімді үнемі дамытып, тұлға ретінде үнемі өсіп отыруға тырысамын.

- Музыкадан бөлек қандай өнеріңіз бар?

- Тігін тігіп, қолөнермен айналысатыным бар. Образдарыма қажет дүниелерді өзім жасап алуға тырысамын.

- Киноға түскіңіз келе ме?

- Психология тақырыбындағы киноға түскім келеді.

- Бір жылдан кейін қандай жетістігіңіз туралы әңгімелесіп отыруымыз мүмкін? Жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз.

- Spotify, apple music стримдерінде 3 миллиард тыңдалым жинаған әнім туралы әңгімелессек жақсы болар еді.

Өте керемет жоспарларым бар, уақыт өте көре жатарсыздар.