ДЕНСАУЛЫҚ

Ең ұзақ өмір сүрген адамдар кімдер?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адамзат әрқашан ұзақ өмір сүруге мүмкіндік беретін құпияларды іздеуге ұмтылумен келеді. Ұзақ өмір сүру – ген, өмір салты және қоршаған орта сияқты көптеген факторға байланысты күрделі процесс. Бүгінде медицинаның қарқынды дамуының арқасында өмір сүру көрсеткіші де артып келеді. 

Сара Де-Ремер Носс 

(1880 жыл, 24 қыркүйек -  1999 жыл, 30 желтоқсан )

119 жыл 97 күн өмір сүрген Сара  - Америка Құрама Штаттарының ең ұзақ өмір сүрген тұрғыны. Ол өмір сүрген жылдары АҚШ-та 21 президент ауысып үлгерген. 

Сонымен қатар ол әлем тарихындағы ең ұзақ өмір сүрген адамдар тізімінде 3-орынды иемденген. Сара қайтыс болған кезде ол тарихтағы екінші ең қарт адам болған еді, бірақ 2022 жылдың 10 сәуірінде жапондық Канэ Танака жасы бойынша оның рекордынан асып түсті.

Канэ Танака

(1903 жылдың 2 қаңтары – 2022 жылдың 19 сәуірі)

Геронтология зерттеу тобы (GRG) және Гиннестің дүниежүзілік кітабы растаған жапондық супер ұзақ өмір сүрген адам. Ол сонымен қатар Жапония тарихындағы ең қарт және әлемдегі екінші қарт адам (Жанна Кальманнан кейін) саналады. Қайтыс болған кездегі жасы 119 жас 107 күн болды, бұл 43 572 күнге тең.

Танаканың өзі ұзақ өмір сүруінің сыры - отбасы, үміт, дұрыс ұйқы және диетада деп санаған.

Жанна Луиза Кальман

(1875 жылдың 21 ақпаны - 1997 ж. 4 тамыз )

Туған және қайтыс болған күндері құжатпен расталған. Жанна Кальман - қайтыс болған кездегі жасы 120 жастан асқан жалғыз адам. 

110 жасында қарттар үйіне көшіп, 122 жыл 164 күн өмір сүріп, қайтыс болды. Оның өмір салты, генетикасы және басқа да медициналық сипаттамалары көптеген мамандардың зерттеу нысанына айналды.

Бір қызығы, ең көп өмір сүргендердің топ-20 тізімінде ерлер жоқ. Мәселен, жер бетінде ең ұзақ өмір сүрген ер адам ретінде тіркелген, жасы құжаттармен дәлелденген Дзироэмон Кимура 116 жыл, 54 күн өмір сүрген. 

Әрине, жоғарыда аталған жандардың бәрі - өмір сүрген жасы ресми дәлелденгендер. Ал құжат бойынша сай келмесе де, бұл тізімдегілерден әлдеқайда ұзақ өмір сүрген адамдар жайлы да деректер аз емес.