Саясат
Бауырластықтың көрнісі рухани, мәдени және тілдік туыстық болашақта тиімді де сенімді экономикалық тығыз ынтымақтастыққа алып келері ақиқат
Тарихы, тілі, діні мәдениеті мен өнері ортақ бауырлас түркі елі біз үшін әрдәйім ыстық. Қазақ елі егемендік алғаннан кейін қысқа уақыт ішінде Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған түрік бауырларымыз еді.
Қазақ пен түрік жұртының бір-біріне деген достық пиелі мен адалдығы қанымызда тулаған қасиеттердің бірі. Егіз қозыдай тел өспесе де жаны мен қаны бір бауырлас екі ел арасындағы алтын көпірдің ажырамау себебі: өткеніне құрметпен бүгініне адалдықпен қарауында. Қазақстан мен Түркияны байланыстыратын ортақ қасиеттер аз емес. Географиялық жағынан екі ел Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде, этнографиялық тұрғыдан келсек-халықтардың шыққан тегі, тілі мен мәдениеті тамырлас болып келеді. Қандай заман, қандай жағдай болмасын екі ел арасындағы қарым-қатынаста мәдени байланыстардың маңызы зор. Өйткені сол елдердің дәстүрі, ғылымы, өнері, мәдениеті осы елдерді жақындастыратын, бауырластыратын, достастыратын рухани күш. Тамыры тереңге жайылған татулықтың ордасын қалыптастыруда ел басшылары Түркілердің рухани астанасы саналатын Түркістан облысында университет ашу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шешім бір қолдың саласындай еңбек етіп, бір анадан туғандай күн кешуімізге себепкер болды. Осылайша Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бой көтерді. Бүгінде аталмыш оқу ордасында екі ел студенттері бауырмалдықта өмір сүріп жатыр.
Байтақ елімізде жалпақ жұрттың бірлігі бұзылмай, татулығы тарқамай жүргендігі үлкен мақтаныш. Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған түрік бауырларымыз бірлік пен берекенің шамын өшірген жоқ. Түркия елі Қазақ елін өзіне қашан да жақын тартып, ел арасында ынтымақтастығын жетілдіре түсуге дайын екеніін дәлелдеп келеді. Абдолла Гүл: "Қазақстан тек қана Азияның жүрегі емес, ол сондай-ақ осы аймақтың маңдайындағы жарқыраған жұлдызы!" – деген жылы лебізін білдірді. Татулықтың нышаны тайға таңба басқандай болып көрініп тұрғаны, бауырмал елдердің мерейін асырып келеді. Бауырластықтың көрнісі рухани, мәдени және тілдік туыстық болашақта тиімді де сенімді экономикалық тығыз ынтымақтастыққа алып келері ақиқат. Ең бастысы, екі елді байланыстыратын біртұтас мәдени және ақпарат кеңістігінің ғұмыры лайым ұзақ болғай. Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи тамырластық, ортақ мәдени және рухани құндылықтар екі ел қатынастарының негізі болып қала бермек. Түбіміз бір түрк бауырым арамыздан ала мысық өткізбей, бабамыз салған сара жолды, соның ішіндегі адалдықтан құрылған жолда, қос қанаты қырқылмаған қарлығаштай бейбітшілік аспанының астында қанатымызды бірге жайып мәңгі самғап өтелік.