Bugin

Мобильді аударымдарға шектеу не үшін қойылатыны белгілі болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдардың шектеуіне қатысты түсінік берді.

"Қазір кейбір кәсіпкерлер банктерде ашылған жеке шоттарына сатылған тауарлар, қызметтер үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алады. Алайда бұл аударымдар бақылау-касса машиналары (БКМ) мен POS-терминалдарды қолданбай, тиісінше чектер берілмей жүргізіледі. Бұл ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген заң бұзушылық болып есептеледі. Заңды қайта бұзғанда салық төлеушінің субъектілігіне байланысты 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынады", - делінген хабарламада.

Ведомство Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша салық төлеу әркімнің міндеті екенін еске салды.

"Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында тиісті бақылау жүргізеді. 2024 жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді береді. Күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады.

БКМ қолдануды жеңілдету үшін 2022 жылдан бастап БКМ функцияларын екінші деңгейдегі банктердің POS-терминалдарымен біріктіру бойынша пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Бұл БКМ мен POS-терминалдың бір чегін беруге мүмкіндік береді. Пилоттық жобаға "Каспий банк" АҚ, "Халық банк" АҚ және "Банкцентркредит" АҚ қатысып жатыр", - делінген Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан хабарламда.

Сонымен қатар БКМ чектерін бермеу фактілерін анықтау бойынша "Азаматтық бақылау – Чекті талап ет" акциясы өткізіліп жатыр. Анықталған бұзушылықтар туралы Wipon cashback тегін мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға болады.

"Жоғарыда аталған өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанына назар аударамыз. Яғни, жеке тұлғалар, бұрынғыдай, өздерінің жеке мақсаттары үшін - туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады. Негізінен салық органдары бизнесті заңды жүргізу үшін барлық қолайлы жағдайларды жасады, салық мөлшерлемелері төмен режимдерді қарастырды", - делінген хабарламада.