Bugin

"Қинап өлтірген": Ресейге вахтаға кетіп қайтыс болған азаматтың анасы әділдік іздейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Семей маңындағы “Алел” қаржы-инвестициялық корпорациясының алтын өндіретін кенішінде белгісіз жағдайда көз жұмған 35 жастағы жұмысшы Еркебұлан Болатовтың туыстары әділдік іздейді.

Марқұмның жақындарына осыдан бір жыл бұрын ресейлік компания өкілдері вахтаға кеткен Еркебұлан жүрек талмасынан қайтыс болғандығын айтқан.  Алайда азаматтың туыстары оны зауыт ішінде біреулер азаптап өлтіргеніне сенімді. Ал құзырлы орган өкілдері істі созбаққа салып қылмыскерді табуға әрекет етпей отыр деп айтуда.

Былтыр қыркүйекте Еркебұлан Болатов Семей қаласынан 80 шақырым жердегі ресейлік “Алел” қаржы-инвестициялық корпорациясының алтын өндіретін кенішіне бір айға вахтаға кеткен. Арада үш күн салып әріптестері марқұмның отбасына Еркебұланның жүрек ауруынан қайтыс болғанын хабарлапты. Алайда марқұмның анасы компанияда 2,5 жыл бойы жұмыс істеген балам жүрегіне ешқашан шағымданбаған еді дейді.

Әрі марқұмның көк ала қойдай болған денесін көріп, жағамызды ұстадық деп отыр. Туыстары Азаматтың бет-аузы мен денесіне қан ұйып, көгеріп келді дейді. Сондықтан, бірден мәйітке тәуелсіз сараптама жасатып, кісі қолынан қайтыс болғанын дәлелдепті. Алайда, құзырлы орган өкілдері күдіктілерді таппай, істі созып келе жатқанын айтады.

"Балам зауыттың ішінде қайтыс болды. Суреттерінен-ақ көруге болады, оны біреулер қинап өлтіргенін. Бірақ ресейлік «Алел» корпорациясы ұлымның кісі қолынан қаза тапқанын мойындамайды. Кінәлілер тиісті жазаларын алса дейміз. Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігі ұлымды өлтірген адамды тапсын. Олар неге әрекетсіз отыр?",- дейді марқұмның анасы Фарида  Қайырханова.

Бұл компания марқұм баламның перзенттеріне өтемақы төлесін. Материалдық шығынды өтесін.
Ал еңбек инспекция сот-медициналық сараптамасын жасаған. Құрылған комиссия өкілі марқұм жарақаттарды жұмыстан тыс уақытта алғанын атап өтті.