Bugin
Өскемен қаласында бала көтеріп қайыр тілеп отырған әйел екі бап бойынша жауапқа тартылды.
Әлеуметтік желіде қаладағы жаяу жүргіншілерге арналған жолүсті өткелде қаршадай баламен қайыр тілеп отырған әйел туралы видео тарады.
Желі қолданушыларының көбісі баланың денсаулығына алаңдап, сол әйелдің оған кім болып келетінін анықтау керектігін жазып жатты.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта әйел адам табылып, аталған факті бойынша тексеріс жүргізілген.
"Бұл бала әйелдің немересі екені анықталды. Қайыр тілеумен айналысқан ол екі бап бойынша, атап айтқанда ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен (қоғамдық орындарда тиісу), 492-бабымен (Қазақстанда тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұру) жауапқа тартылды", - делінген ақпаратта.
Бірінші бап бойынша 17 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелсе, екінші заң бұзушылық үшін оған ескерту берілген.
Ал бала денсаулығын тексеру үшін сараптамаға жіберілмек.