Түркі әлемі

Түркиядағы сайлау : 50/50 ме әлде...

Бүгін Түркияда жергілікті сайлау өтіп жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сонымен, бүгін жергілікті уақытпен таңғы сағат 7.00-де Түркияда сайлау басталды. Жергілікті сайлау деп аталатын бұл науқан барысында елдегі қала мэрлері, республикалық статусы бар қалалардың әкімдері, қалалық кеңестер мүшелері, аймақтық кеңес мүшелері, ауыл әкімдері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері сайланады. Сайлауға ресми түрде 57 миллионнан астам дауыс беруші қатысады деген ақпарат тарады.

Бауырлас елдегі ірі саяси науқан әлбетте Түркиядағы билік жүйесіне ықпал етуі мүмкін. Өйткені, жосы жолғы науқан нәтижесінде сайланған азаматтардың позициясы алдағы жылдарда болатын парламент немесе президент сайлауға әсер етуі мүмкін. Сондықтан, Түркия халқы үшін бүгінгі күннің маңызы жоғары. Сайлау науқаны туралы ақпараттар сәт сайын артып келеді. Кешке қарай онлай және тікелей эфирде дауыс санау өтеді. Елдегі шешуіші 5 партия басты рөлі алатыны айтылып жатыр. Олардың төртеуі екі альянс құрған. Кей жерлерде бір-бірін қолдайды. Билік басындағы Әділет және даму партиясы мен Ұлтшыл-халықтық партия құрайтын «Халықтық альянс» құрса, оппозициядағы Республикашыл-халықтық партия мен Жақсы партия бірігіп «Ұлттық альянс» құрған. Тек альянсқа күрдтердің мүддесін қорғайтын Халықтардың демократиялық партиясы кірмей қалды. Бұл сайлаудың маңызы жайлы кейін айтармыз. Әзірге сайлауға қатысты қызықты деректермен бөліселік.

Ердоған 53 мың шақырым жол жүріпті

Түркия президенті, Әділет және даму партиясының жетекшісі Режеп Тайып Ердоған 8 ақпан мен 29 наурыз аралығында жергілікті сайлауда өз партиясының үгіт-насихат жұмыстарына қатысу үшін 53 мың шақырым жол жүріпті. Елдегі 53 елімекенде болыпты. Ал, оппозициядағы Республикашыл халықтың партияның төрағасы Кемал Кылычдароғлу 32 мың шақырым жол жүріп, 26 аудан мен қалаға барыпты. Ұлтшыл-халықтық партияның басшысы Девлет Бахчелі 14 елдімекенге сапар жасап, 8 мың 500 шақырым жол жүрсе, Жақсы партияның жетекшісі Мерал Акшенер 21 қала мен елдімекенде болып, жалпы қашықтығы 14 мың 500 шақырым болатын жерлерге сапар жасапты.

Сайлау күнгі тыйымдар

Бүгін Түркияда таңғы 6.00-ден түнгі 24.00-ге дейін алкоголь өнімдерін сатуға, мейрамханалар мен дәмханаларға келген қонақтарға беруге тыйым салынады. Көңіл көтеруге арналған мекемелер, дәмхана, бар, мейрамханалар дауыс беру кезінде жабық болады. Асханаларда тек тамақ ішуге ғана рұқсат бар. Дауыс беру уақыты таңғы 7.00 ден 16.00-ге дейін, кейбір аймақтарда 17.00-ге дейін созылады. Айтпақшы, елде бұл күні кещкі 18.00-ға дейін қандай да бір әулеттің той жасап, салтанат құруына рұқсат жоқ. Масс-медиада сайлау нәтижелеріне қатысты жорамал, жаңалықтар мен сарапшылардың болжамы жарияланбауы керек. Айтпақшы, дауыс беру кезінде  ұялы телефондарды да кабинаға алып кіруге болмайды.

12 партия қатысып жатыр


Түркиядағы жергілікті сайлауға Әділет және даму партиясы, Тәуелсіз Түркия партиясы, Ұлы ынтымақ партиясы, Республикашыл-халықтық партия, Демократиялық партия, Демократиялық солшыл партия, Халықтардың демократиялық партиясы, Жақсы партия, Ұлтшыл-халықтық партия, Бақыт партиясы, Түркия коммунистік партиясы мен Отан партиясы қатысып жатыр. Соңғы социолгиялық зертттеулерге қарағанда коалияци құрған төрт партия топ бастайды. Негізгі бәсеке Ыстамбул, Анкара мен Анталия қалаларында өтуі мүмкін. Кейбір сарапшылар, Ердоған басқаратын  билік партиясы басымдықтан айырылуы мүмкін екендігін айтады. Алдыңғы сайлауда 51 пайызбен жеңіп кеткен болса, осы жолы 50/50 немесе  одан да төмен болуы мүмкін деседі. Көрерміз.

P.S. Бүгінгі weekend  сайлауға арналатын түрі бар. Қазақстандықтар үшін Украинадағы президент сайлауы да қызықты тақырыптың біріне айналыпты.