Bugin
Aport Mall сауда ойын-сауық орталығы мен облыстық полиция департаментінің өкілдері ғимаратқа бомба қойылғаны туралы ақпаратқа қатысты түсінік берді.
Сауда ойын-сауық орталығының әкімшілігі адамдардың эвакуацияланғаны және оларға "бомба қойылды" деген хабарды жоққа шығарды.
"Ешқандай полиция жоқ, бомбаны іздеу жұмыстары да жүргізілмеді. Адамдар эвакуацияланбады. Сауда орталығы қалыпты жұмысын істеп тұр", - деді Aport маркетинг және сату бөлімі басшысының орынбасары Дариға Нұрашева.
Алайда Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі басқа ақпарат таратты. Ведомствоның хабарлауынша, 2 тамыз күні сағат 14:50-де кезекші бөлімшеге Қарасай ауданы аумағында орналасқан Aport Mall сауда ойын-сауық орталығында жарылыс болуы мүмкін екені туралы ақпарат түскен.
"Бұл факті бойынша полицейлер сауда орталығының аумағын қоршауға алып, аумақтан шығып бара жатқан көліктерді тексеріп жатыр. Дерек Қарасай ауданы полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы "Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау" бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта саперлар ғимаратта жарылғыш заттардың бар-жоғын тексеріп, арнайы операция жүргізіп жатыр", - деді Алматы облысы бойынша полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов.