Bugin
Жоғалған 36 жастағы ер адам Каспий теңізінен табылды. Оның денесін балықшылар тауып алған. Ақпаратты Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінде растады.
Іздестіру шараларына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, аудан, ауыл әкімдігінің қызметкерлері және ерікті жастар, ауыл тұрғындары мен балықшылары және із-түзсіз жоғалған азаматтың туыстары жұмылдырылған.
"30 шілдеден бері Каспий теңізінің жағалауындағы Құрық ауылынан жеті шақырым жерде ТЖД жедел-құтқару жасағының күштері балық аулау кезінде жоғалып кеткен 1987 жылғы азаматты іздестіруде. Ер адамның денесін 1 тамыз күні сағат 11:50 шамасында жергілікті балықшылар тапқан", - деп хабарланды Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында құтқарушылар, шенеуніктер мен еріктілер 29 шілдеде Каспий теңізі маңында жоғалып кеткен ер адамды іздестіруді қолға алған. Іздеу жұмыстарына тікұшақ, моторлы қайықтар және 20-ға жуық техника жұмылдырылған. Маңғыстаудың бес тұрғыны Қарақия ауданы, Құрық ауылына балық аулауға кеткен. Таңертең ер адамның бірі жоғалып кеткені белгілі болды. Бұл кезде 36 жастағы балықшының заттары жағалауда қалып қойған болатын.