Bugin
Қара бетперде киген жұмбақ жігіт бес баласы бар мүгедек әкені тағы қуантты.
Бұл туралы жақсылық жасап жүрген жігіттің өзі айтты.
"Бүгін біз Алланың қалауымен, өздеріңіздей жанашыр жандардың қолдауымен сол отбасыға жаңа көлік пен баспана сыйлаймыз", - дейді аноним жігіт.
Бес баланың әкесі Арман Шымкент қаласында тұрады. Кіші баласы туа бітті жүректің ауыр дертіне шалдыққан. Ал өзі осыдан бірнеше жыл бұрын көлік апатына ұшырап, аяқ-қолы сынған. Қазір екінші топтағы мүгедек. Тағдырдың қиындығына мойымаған Арман мүмкіндігі келгенше бала-шағасын асырап жүр. Жеңіл көлікті 6 мың теңгеге жалға алып, такси болып қызмет етеді. Өзі қаладағы бір бөлмелі пәтерді 50 мың теңгеге жалдап тұрады. Әйелі үйінде балаға қарайды.
"Сіздер келгеннен кейін Астанаға барып келдік. Баламның отасы шамамен тамыз айының ортасында жасалады. Сіздер барынша көмек беріп жатырсыздар, Алла разы болсын сіздерге. Осы балам жазылып кетсе болды, басқа ештеңе керек емес", - дейді Арман.
Осылайша, бетперде киген жігіт бес баланың әкесі Арман мен әйеліне жаңа көлік пен пәтердің кілтін табыстады.