Bugin

Алматыда базар саудагерлері бас көтерді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматыда "Жетісу" базарының саудагерлері бас көтерді. 

Олар басшылықтың сыртта сауда жасауға рұқсат бермей жатқанына наразы. Бутик алдына өздері жасап алған шағын шатырларын үш күнде алып тастауы керек екен. Бірақ "іште отырғаннан саудамыз жүрмейді" деген кәсіпкерлер еркін жұмыс істеуге рұқсат сұрайды.

Базар саудагерлерінің бүгінде салы суға кеткен. Олардың айтуынша, соңғы бір аптада басшылықтан көп қысым көрген. Сауда орнына жауапты әкімшілік бутик алдына қойылған шатырларға тыйым салып жатыр екен. Соның салдарынан күннің астында қалған тауарлардың өңі кетіп, жарамсыз бола бастапты.

Бұл жерде алты жылдан бері табыс тауып отырғанның бірі– Нәзипа Оспанова. Айтуынша, шатырды алып тастап еді, аптап ыстықтан аяқ-киімінің өлшемі кішірейіп қалған.

"Екі мыңға сатып аламыз. Міне, мынаны енді біреу екі мыңға ала ма? Күннің астында тұрып кішірейіп қалған. Екі мыңға алып, енді мың теңгеден ба? Қоқысқа лақтырамын. Мысалы, мынаны сіз аласыз ба? Алмайсыз. Бүкіл тауарым бүлініп жатыр", - дейді саудагер Нәзипа Оспанов.

Мұндағы кәсіпкерлердің көбі "Саяхат" базары жабылған соң, осында ауысып келген. Содан бері сауда нүктесін жалға алу ақысы да қалтаға салмақ салып барады дейді. Жыл сайын көтерілетін баға бүгінде 100 мың теңгеден асып кеткен. 

Көп ұзамай кәсіпкерлер алдына базарды жалға берушінің өзі де келді. Сауда нысанының дәл көшеге қарайтын тұсындағы барлық шатырын қалай да алып тастаймыз деді.

"Осы уақытқа дейін бутиктердің алдына жаңа ашылғасын, саудасын істесін деп көмектестік, көз жұмдық. Мына тұрған жол үкімет жолы. Бұл жерден президентте өтеді, сырт елдің адамдары да өтеді. Ал мына палаткалар ережеге сай келмейді. Әкімдіктің талабы сондай. Осы уақытқа дейін біз бұл кісілерге қарасып келдік, жиналыста ашық айттық, ескерттік. Бүгіннен бастап шатыр қоюға болмайды", - дейді базар басшысы Сейітмұрат Қожахмет.

Базар басшылығы ай сайынғы жалға беру ақысын төмендетуге ниетті емес. Бірақ 20 күннің ішінде бірыңғай шатыр қою жағын қарастырады. Тек оған кәсіпкерлердің күмәні бар.