Bugin

Ақкенттегі өртке қатысты Смайылов үкіметке шұғыл тапсырма берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақкенттегі өртке байланысты премьер-министр Әлихан Смайылов шұғыл тапсырма берді.

Сенбі, 5 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматыдағы "Ақкент" тұрғын үй кешенінде болған өрттің салдарын жою мәселесі қаралды.

Премьер-Министр көпқабатты ғимаратта болған өрттен 42 адам зардап шеккенін айтып, Үкімет атынан қаза тапқан әйелдің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

4 тамыздағы жағдай бойынша 5 адам медициналық мекемелерде стационарлық ем шараларын қабылдап жатыр.

Өрттің себептерін анықтау үшін бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу аяқталғаннан кейін тиісті процессуалдық шешімдер қабылданатын болады.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы айтып берді. Атап айтқанда, кіреберістер мен зардап шеккен пәтерлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ тұрғындарды уақытша басқа жерге орналастыру (пәтер жалдау) бойынша шығындарды өтеу көзделген.

Премьер-министр көпқабатты үйлерде өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын өзектендіріп, сондай-ақ тұрғын үй инспекцияларының жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.

"Төтенше жағдайлар министрлігі өткізіліп жатқан оқу-жаттығулар аясында халықтың өрт кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс", - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Министр барлық өңірде үй орамдарының инфрақұрылымын дайындау және оларды абаттандыру кезінде шұғыл қызметтердің қозғалысын да ескеру қажеттігін атап өтті, өйткені "Ақкент" тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде ауладағы автомобильдер мен биік бордюрлар өрт сөндіру техникасының жұмысына кедергі келтірді.