Bugin

Мектептің 57 миллион теңге қарызын мұғалімдерге артып қойған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

БҚО Серебряков ЖОББМ-нің ұстаздары "кезекті еңбек демалысымыз уайым-қайғымен өтіп жатыр" деп қапалы.

Себебі аудиторлық ұйым мен антикор қызметкерлері білім ордасының 57 миллион теңге қарызын ұстаздардың мойнына жүктеп қойған. Тексерудің нәтижесінде алды 3 миллион теңгеге жуық қарыз болған ұстаздар "құқығымызды қорғайтын құзырлы мекеме табылмады" деп отыр. 

Мектеп мұғалімі Сәния Абаханова бір басында 2 миллион 500 мың теңге қарыз бар екеніне сенбейді. Себебі өзімнің жалақымнан артық ақша алмадым дейді. Бас есепшінің "қағазға жазып" есептеп берген сомасынан артық бір тиын да түспеді деп отыр. 

"2023 жылдың мамыр айында антикор келіп мектептің 57 миллион ақша, ал менің 2 миллион 500 мың теңге қарыз екендігімді айтқанда төбемнен жай түскендей болды. Жалақымызды аларда атқарған жұмысымызды есептеп бас есепші барлығын қағазға жазып беретін. Артық ақша алған емеспін. Өзіме тиесілі жалақымды ғана алдым. Кінәсіздігімізді дәлелдейтін құзырлы мекеме табыла ма? Басымда бірнеше кредитім бар, мына ақшаны қалай өтеймін? Осыны ойлаймын деп еңбек демалысым уайым-қайғымен өтіп жатыр", - дейді ол. 

Ұстаздардың сөзінше барлығы былтырғы жылы мектептің "бас есепшісі" қаржы жымқырды деген желеумен жұмыстан шеттетілгеннен кейін басталды дейді. Мерзімдік уақыттың аяқталуына байланысты мектеп директоры да басқа білім ордасына ауысыпты. Ал жаңа басшылық алдыртқан бас есепші мектеп қаржысының көп мөлшерде жоқ екендігін анықтапты. Артынша, аудиторлық ұйым мен антикор келіп тексерген. 2023 жылдың 26 мамырында 40-қа жуық мұғалімнің алды 3 миллионға жуық, арты 200-500 мың теңгенің аралығында қарыз екендігі айтылыпты. 

"Бұрынғы бас есепші біздің жалақымызды қолмен жазып беретін. Біз жалақымыздың қанша екенін білуге барғанда екі сағаттан кейін кел, бір күннен кейін кел деп үнемі кейінге шегеретін. Осы жерде бір күмән бар секілді. Алайда антикор қызметкерлері бұрынғы басшылық пен бас есепшіні тексерудің орынына, мұғалімдерді тексерумен айналысып жатыр. Бізге артық ақша түскен емес", - дейді мектеп мұғалімі Бауыржан Жасұланұлы.