Bugin
Маңғыстауда карьер иелерінің былықтары ашылды. Олар 300-ден аса заңсыз әрекетке жол берген.
Жер қойнауын пайдаланушылар жалпы сомасы 400 миллион теңгеден аса әлеуметтік міндеттемелерді орындамай келген.
Аймақта тау-кен өндірісімен айналысатын 258 компания бар. Соның 40 пайызынан заңбұзушылықтар анықталды. 42 компания ауданы 500-ден аса гектар карьерлерді қалпына келтіру шарттарын бұзған.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер мемлекетке тиісті 100 гектардан аса жерді заңсыз игеріп, құм-қиыршық тас қоспасын өндірген болып шықты.
"Әрбір жер қойнауын пайдаланушыға келісімшартқа сәйкес тиісті аумақ берілген. Ал бұл - жекелеген кәсіпкерлердің мемлекет жерін басып алуы. Осы деректер бойынша біз құзырлы органдарға ұсыныстар енгіземіз. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады", - дейді Маңғыстау облысы прокуратурасы басқармасының басшысы Мерген Меңдіғалиев.