Weekend

Мейірімділік айналымы

Нақыл

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


Бір күні бір кісі даңғыл жолдың бойынан бір қарт әйелді көріп қалды, батқан күннің жарығы күңгірттеніп қалғанымен ол әйелдің көмекке аса мұқтаж екенін байқау қиын емес еді. Ол қарт әйелдің «Мерседесінің» жанына келіп тоқтады да өзінің ескі «Пинтосынан» түсіп әйелге жақындағанда, ескі автакөлік өзіне көңілі толмағандай бір түрлі шиқыл аралас дыбыспен гүрілдеп тұрған еді.

Әйелдің осында тұрғанына екі сағаттан асып кетсе де ешкім тоқтамап еді, ал, ол тоқтады, бірақ неге ол? Ол, мүмкін ұры – қары ма, оның сырт келбеті адам қызығарлықтай емес, оның аш, әрі кедей екенін бір қарағаннан – ақ аңғарасың, әйелдің санасы сан – саққа жүгіріп, басына неше түрлі сұмдық ойлар келді. Ол өзінің ішкі толқынысын жымиған күлкісімен бүркемелеуге қанша ниеттенсе де, онысынан түк шығар емес. Ал жігіт оның бірнәрсеге қатты алаңдап, қорқып тұрғанын бірден байқады, себебі, тек үрей ғана адам көзінде осындай ерен із қалдыра алатынын ол жақсы білетін.

«Сәлеметсіз бе, келіңіз мен сізге көмектесейін, сіз көлікке отырсаңыз, оның іші әлдеқайда жылы емес пе, тоңған боларсыз, а, ия, менің есімім, Брайан Андерсон».

«Мерседестің» бар жоғы шинасы ажырап қалған болатын, бірақ, осының өзі дәрменсіз қарт адам үшін үлкен даңғыл жолда орын алған үлкен трагедиядан кем соғып тұрған жоқ. Брайан қолын былғап әрі жаралап алса да жұмысын тез – ақ бітіріп тастай алды.

Брайанның аяқтап қалғанын көріп әйел оны терезесін ашып әңгімеге тартты, ол Брайанға Сент – Луистан екенін, бұл аймақтарда көп болғысы келмегенін, бірақ, тағдырдың шешімі басқаша өрбігенін қысқаша баяндап беріп, Брайанға деген алғысы шексіз екенін айта берді, айта берді. Брайан тек жымиып қана қойды, егде әйел бұл қызметі қанша сұрайтынын, кез – келген соманы төлейтінін айтқанда, жігіт бірден бас тартты. Ол өзінің осындай қиын жағдайларға тап болғанда оған көмек қолын ұсынған адамдарды есіне түсірді де, егде әйелге, егер шынында осы істеген жақсылығы үшін алғыс айтқысы келсе, онда кез – келген бірінші көмекке мұқтаж адамға жәрдем беруін сұрады да: «Сол кезде мен туралы ойлаңыз» - деп қосып қойды.

Андерсон егде ханым көлігін от алдырып, жүріп кеткенінше күтіп тұрды да, оны өзінің риясыз күлкісімен шығарып салды да сол риясыз күлкісімен өз көлігіне отырып жүріп кетті. Ол әйелге шын көңілден риза еді, себебі, әрі салқын, әрі сәтсіз болған бүгінгі күнінде осы егде әйелге көмек қолын соза алғаны жігіт жүрегіне бір жылу сыйлағандай болып еді...

Бірнеше миль жүріп өткеннен кейін егде әйел бір дәмханаға тоқтады. Бұл қарапайым ғана жанармай құю бекетіндегі кішігірім асхана болатын. Ол жердегі таза жиналмаған үстелдері, адамдардың түр әлпеті «Мерседестегі» егде әйелге жайсыздық тудырды. Дегенмен, осы бір жайсыз да ыңғайсыз мекеннен бір жас жүкті даяшы келіншек көзге ерекше түсетін еді. егде әйел бірден оның күлкісіне назар аударды. Оның күлкісі қалыпты жағдайдағы мазасыздық, шаршау мен ауырсыну жасыратын күлкі болатын. Әйел осы жас келіншектен өзін көргендей болды, өйткені шамамен жарты сағат бұрын өзі де осы жас келіншектің жағдайында, дәл осындай ауыр көзқараспен, осындай мазасыз күлкімен үлкен даңғыл жолдың бойында тұрды емес пе?  Келіншек қолындағы кір – кір майлығымен маңдай терін қайта – қайта сүрте береді де, жан – жағын, жиналмаған орындар мен келушілерге «мұның бәріне мен бүгін қалай үлгеремін»- дегендей мазасыз көзқараспен жаутаңдайды. Десе де оның жүзінен күлкі кетпейді, келушілерді өзінің риясыз қызметі арқылы қуантып жүреді. «Мерседестегі» тәжірибелі әйелдің көздері келіншектің ішіндегі шарананың шамамен жеті айлық болатынын болжады, және ішінен «қалайша азшылықта өмір сүріп басқаларға көп нәрсе беруге болады» деп ойлады да, есіне Брайан түсті.

Кешкі асын ішіп болған соң егде әйел үстел үстіне жүз долларлық купюраларды қойды да асығыс шығып кетті, үстелді жинауға келген даяшы есіктен шыққан әйелді ақшасының қайтарымын беруге қуып жете алмайтынын ұқты да үстел үстіндегі салфеткаға жазылған сөздерді оқып көзіне жас келді. Онда былай деп жазылған болатын: «Сен маған қарыз емессің, мен сені жақсы түсінемін. Бір кезде маған да осылай көмек қолын созғандар болған, енді міне мен саған көмектесіп жатырмын. Егер маған алғыс айтқың келсе, онда осы махаббат пен қайырымдылықтың сенен тоқтап қалмауына баса көңіл аудар».

Және жазылған салфетканың астында қосымша 400 доллар жатыр еді.

Сол бейтаныс әйелдің ілтипатынан қанаттанған келіншек лас ыдыстар мен столдарға, келушілердің көптігіне жаңағыдай мазасызданып қарамай тез – ақ барлық жұмысына үлгеріп кетті. Ол үйіне келгенде де сол «Мерседестегі» белгісіз әйел туралы ойлауды доғара алмады, ол бұлардың ақшадан тарығып жүргенін қалай білді? Расында да ертең бұлардың кішкентай отбасына нәресте келетін болса мынадай кіріспен қиналып қалатыны анық еді.

Төсекке жатқасын, ол өзінің ұйықтап жатқан күйеуін құшақтады, ол осы ақша жайлы уайымдап жүргені қашан, қолынан келгеннің барлығын жасап жүр. оны сүйді де құлағына сыбырлап: «Бізде бәрі жақсы болады, мен сені қатты сүйемін Брайан Андерсоным» - деді.

Біз кейде бумеранг принципі өмірде бар екенін, яғни басқаға не істесең алдыңа сол келетінін ұмыт қалдырамыз, мейірімділік айналымы тек өзімізде тоқтап қалмауына баса көңіл аударайық...        


                                                                (ауд. Е Таласбай)