Bugin

СҚО-да полицейлер жол шетінен екі адамның мәйіті мен нәрестені тапқан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

СҚО полицейлері жол шетінен екі адамның мәйіті мен арбада жатқан нәрестені анықтады.

5 тамызда сағат 23:40-та Мағжан Жұмабаев аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Қарақоға мен Надежка ауылдарының арасындағы жолдың шетінде еш қимылсыз екі адамның жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнынан полиция қызметкерлері осы ауданның тұрғындары - 38 және 35 жастағы ер адам мен әйел адамның денесін анықтады.

Сондай-ақ оқиға орнынан алыс емес жерде балаларға арналған қоларбада жатқан нәресте табылған. Ол жедел жәрдем көлігімен орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. 2022 жылы туған бала жарақаттар алмағаны белгілі болды. Қазір бала орталық аудандық ауруханадағы балалар бөлімі бақылауына алған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Образец ауылында жол апатының белгілеріне ұқсас Toyota Land Cruiser автокөлігін анықтады. Автокөліктің жүргізушісі - Петропавл қаласының 39 жастағы тұрғыны ұсталды. Жауап ала келе, ер адам екі жаяу жүргіншіні қағып кеткенін және оқиға орнынан кетіп қалғанын айтты.

Жүргізілген медициналық куәландыру Тoyota Land Cruiser жүргізушісінің мас күйде екенін көрсетті.

"Аталған факті ҚР қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы"), 347-бабы ("Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу” және 119-бабының 1-бөлігі “Қауiптi жағдайда қалдыру") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне тіркелді" делінген хабарламада.

Сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр.