Bugin
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркияда алдыңғы аптада Қазақстан азаматтары түскен апатқа қатысты пікір білдірді.
Айбек Смадияровтың айтуынша, төрт қазақстандық Аланиядағы емханаларда ем алып жатыр. Тағы екі адам алған жарақаттарынан қайтыс болды.
"Барлық медициналық қызметтер мен мәйіттерді елге жеткізу бойынша шығындарды сақтандыру компаниясы көтерді. Бұл туристер демалыстарына өте жауапкершілікпен қараған және сақтандыру полистерін жасатқан", - деді СІМ ресми өкілі.
Бұған дейін түркиялық ақпарат құралдары қазақстандық туристер мінген шағын автобустың апатқа ұшыраған видеосын жариялаған еді.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Аланияда шағын автобус пен жүк көлігі соқтығысқанын хабарлады.
"Салдарынан зардап шеккендер бар. Автобуста Қазақстан азаматтары болған. Барлық мән-жайы мен қандастарымыздың жағдайын анықтау үшін консул дереу осы өңірге аттанды", - деді Смадияров.
Еске салайық, Түркияда жол апаты болып, екі қазақстандық қаза тапқанын хабарлаған едік.