Bugin

Неліктен арулардың табысы орта есеппен алғанда еркектерден 28%-ға төмен?

Табысты жоспарлаудағы 8 қателік

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Forbеs журналына жарияланатын байлардың тізімін қарап отырсаңыз, онда әйел адамдардың есімі өте сирек екенін байқайсыз. Бұл көрсеткішке қарап, «Қыз-келіншектер табыс табуды білмейді» деу — қателік. Арулар ескірген ережелерге көбірек жүгінеді, демек, басты мәселе олардың психологиясында.

1. Барлық мәселені ер азаматының мойнына арта салу

Барлығымыз дерлік кішкентаймыздан «Ер жігіт — түздікі, табыс табушы, үйдің асыраушысы. Ал әйел заты — үйдің берекесі, бала тәрбиелеп, азаматының жағдайын жасаушы» деген түсінікпен өстік. Бұл — біздің психологиямызға әбден сіңген тәрбие. Соған сай балалы болған келіншек үш жыл бала күтімімен үйде отырады. Одан кейін екінші баласымен тағы үш жыл жұмысқа шықпайды. Осылайша, бақандай алты жылы үйде отырумен сырғып өте шықты. Ал осы уақытта тек бала күтімі, үйдің шаруасымен айналысып, өз мамандығын бір жаққа ысырып қойған келіншек кәсіби біліктілігін жоғалтып, қазақша айтқанда «қарайып қалатыны» түсінікті. Сондықтан бүгінгі күні «Бала күтімімен отырмын» дегенді сылтауратып, барлық қаржылық ауыртпалықты еркектің мойнына артып қоюға болмайды. Бір айлыққа қарап отырғанша отағасына көмектесіп, әйелдердің қалай да жұмысқа араласуы отбасы бюджеті үшін де, кәсіби біліктілін үнемі шыңдап, өз мүмкіндіктерін жетілдіріп, тек алға жылжуы үшін де қажет. Осыны ескеріп, қызметіңізге толық кірісіп кетпесеңіз де, үйде отырып істейтін немесе арасында 1-2 сағатқа барып келетін жұмыстарды қарастырып көріңіз. Тіпті болмаса, міндетті түрде үйде 3 жыл отырмай, балаңызды қарайтын адам тауып, ертерек жұмысқа шығуыңызға да болады емес пе?

2. Нақты мақсатын анықтай алмау

Өз қалауыңыздағы өмірді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ал енді сол керемет өмірді сүруді алдыңызға мақсат етіп қойыңыз. Мақсатыңызға жету жолдары мен мүмкіндіктерін қарастырыңыз, сол үшін еңбек етіңіз.

Есіңізде болсын: байлыққа жету жолы — қатаң қағидалары бар ойын сияқты. Сондықтан оның ережелерімен танысу үшін қандай да бір спорттық ойын ойнап көріңіз. Сондай-ақ, бастысы — қатысу емес, жеңу екенін естен шығармаңыз.

3. Ішкі түйсікке сенбеу

Әйелдердің ішкі сезімі, түйсігі ерлердікінен әлдеқайда жақсы дамыған. Ал бұл — қаржы мәселесінде қандай да бір мақсатқа жету жолында үлкен көмек екенін көпшілігіміз біле бермейміз. Сондықтан алдағы уақытта ішкі түйсігіңізге құлақ түре жүріңіз.

4. Денсаулыққа мән бермеу

Әйел затының негізгі қателіктерінің бірі — «жұмыс» деп жүріп, денсаулығы мен өзін ұмыт қалдыратыны. Есіңізде болсын: сіздегі басты салым— өзіңіз. Денсаулығыңыз бенн кескін-келбетіңізге көңіл бөлуді ұмытпаңыз. Уақытылы дәрігерге қаралып, бет-әлпетіңізге күтім жасаңыз, спортпен шұғылданып, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз.

Қай салада жүрмеңіз, сіз алдымен адамсыз — денсаулығыңыз керек. Одан кейін әйелсіз — кескін-келбетіңіздің келісті болуы кедергі келтірмесі анық. Бойыңыздағы қажыр-қайраттың әйелге тән нәзіктігіңізбен ұштасып жатуы да маңызды.

5. Жеке жинақтың болмауы

Әйел затының тағы бір «қателігі» — өзгенің бәрін ойлап, өзін ұмытып кететіні. Балалары мен күйеуі, одан қалса, туыс-туғанның қамымен жүріп, ең соңында өзінің керек-жарағына соқыр тиынның қалмағанына қарап, аузын ашып отыратын арулар аз емес. Сондықтан жеке жинақтың болғаны дұрыс. Үнемі қолыңызға түскен тиын-тебеннің басын құрап, бөлек жинақтап жүріңіз. Бұл қаржыңыз қыз-келіншекке керекті мың түрлі ұсақ-түйектің біріне болмаса, біріне жарап қалары сөзсіз.

6. Негізсіз ақша шашу

Қыз-келіншектер дүкен аралағанды жақсы көреді. Көңіл күйі түссе, іші пысса, дүкен аралауға шығатын арулар да аз емес. Қандай да бір затты керек болғаннан емес, «еріккеннен» сатып алу – еш негізсіз ақша құрту. Сондықтан дүкенге шығар алдында сізге қажет заттардың тізімін жасап алыңыз. Ал ұнағанның бәрін сатып ала берместен бұрын ол сізге керек пе, жоқ па дегенді жақсылап ойлаңыз. Дүкенге барар алдында қалтаңызда қанша ақша барын, қанша қаржы жұмсайтыныңызды есептеп алыңыз және сол сомадан асып кетпеуге тырысыңыз.

7. Үнемдеймін деп ұтылу

Кейбір әйелдер қолындағы қаржысын үнемдеу үшін көтерме сауда орталықтарынан азық-түлікті бірден қорап-қорабымен сатып алып жатады. Бір қарағанда көп көрінгенмен, 5-10 теңге ғана айырма шығатын мұндай үнемдеулер — үнемдеу емес, нағыз шығынның өзі. Бірден бума-бумасымен сатып алған азық-түлікті дұрыс сақтамасаңыз, көпке шыдамай, бұзылып кететінін ұмытпаған жөн.

8. Құрбылардың кеңесіне жүгіну

Әрқайсымыздың басымыздағы жағдай тек өзімізге ғана тән. Сол сияқты қаржылық мәселелер де әркімде әртүрлі. Сондықтан құрбыларыңыздың ақыл-кеңесіне құлақ түргеніңізбен, оны дереу іске асырмастан бұрын өз жағдайыңызды басқалардың басындағы мәселемен салыстыруға болмайтынын ұмытпаңыз.

Дереккөз: syrlasu.kz